Қытай сарапшылары Президенттің реформалық бағытын жоғары бағалайды

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы реформаларды дамыту орталығы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытай халықаралық істер академиясы, Бейжің шет тілдер университеті қасындағы Қазақстанды зерттеу орталығы, Ұлттар университеті, Цинхуа университетінің жетекшілері мен сарапшылары, сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің және Қытай Халықтық шетелдермен достық қоғамының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде қытай сарапшыларын елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың негізгі жетістіктерімен, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру барысымен жан-жақты таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат «мемлекет басшыларының дипломатиясының» арқасында биылғы жылы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын тереңдетуде оң үрдіс қалыптасқанын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға екі сапарының нәтижесінде әртүрлі салалардағы 30-дан астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға және жалпы сомасы 38,5 млрд доллардан астам сомаға 80-ге жуық коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Өз кезегінде қытай сарапшылары елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен саяси бағытқа оң бағасын бере отырып, Қазақстанда болып жатқан үдерістерге қатысты пікірлерімен бөлісті.

Атап айтқанда, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығының Еуразияны әлеуметтік дамыту институтының директоры Ли Юнцюань өз сөзінде Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі егемен мемлекет құрылысында үлгі болып отырғанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси, экономикалық және дипломатиялық салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Оның пікірінше, Мемлекет басшысының қазіргі кезеңдегі басты миссиясы – қазіргі күрделі геосаяси жағдайда еліміздің даму мүмкіндіктерін кеңейту. Ол Президенттің даналығы, жігері мен жағдайды бақылау қабілеті Қазақстанның одан әрі өсуінің кепілі екенін және оның Орталық Азия мен бүкіл Еуразия кеңістігінің тұрақтылығы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

ҚХР СІМ жанындағы Қытай халықаралық істер академиясының Еуразия институтының директоры Ли Цзыго ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұсынған формула – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» – бұл жаңа қазақстандық даму моделі. Болашақта ЖІӨ-ні екі есе ұлғайту жөніндегі өршіл мақсатқа қол жеткізу Қазақстанды әлемдегі дамыған елдердің санатына шығаруға болатынын мәлімдеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және Орталық Азия – Қытай форматы сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қытайлық сарапшылар турбулентті халықаралық жағдай барысында ҚР мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың кең келешегін атап өтіп, Қазақстанның жетекші талдау орталықтарымен байланысты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы