Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды – елші
ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин қазақ-қытай байланысы жайлы айтып, бірлескен жобалар екі елдің де экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар:
Қытай мен Қазақстан – таулар мен өзендер байланыстырған тату көршілер, адал достар және игі серіктестер. Қытай мен Қазақстанның экономикасы бір-бірін жоғары толықтырады және экономикалық және сауда ынтымақтастығында бірегей артықшылықтарға ие. Соңғы жылдары төраға Си Цзиньпин мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығымен екі жақ та әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың жоғары жылдамдықты жолына түсті. Қытай қазір Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және маңызды инвестиция көзіне айналды, - деді елші Хань Чуньлин.
Ол Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
Елдеріміз арасындағы көрсеткіштер мыналар:
• 2024 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 43,82 млрд АҚШ долларын құрап, 6,8%-ға өсті.
• Қытайдың Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі 24 млрд АҚШ долларына жетті.
Екі ел "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында өзара тиімді әріптестікті жалғастырып, өңірлік және жаһандық экономикалық дамуға үлес қосуды көздейді.
Қытай экономикасының 2024 жылғы нәтижелері
Қытай экономикасы 2024 жылы тұрақтылықты сақтай отырып, сапалы дамудың жаңа кезеңіне шықты. Негізгі көрсеткіштер:
• Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 5%-ға өсіп, 134,9 трлн юаньға жетті.
• Қытайдың әлемдік экономикаға үлесі шамамен 30%-ды құрап, жаһандық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналды.
• Ауыл шаруашылығындағы дәнді дақылдар өндірісі рекордтық 700 млн тоннаға жетті.
• Халықтың жан басына шаққандағы табысы 5,1%-ға артты, ал жұмыссыздық деңгейі 0,1%-ға төмендеді.
Инновациялар және жасыл экономика
• Қытай "Глобалды инновациялық индекс-2024" рейтингісінде 11-орынға көтерілді.
• Жаңа технологиялық өнімдер мен салалар (мысалы, литий батареялары, күн энергиясы панельдері) қарқынды дамып, әлемдік нарықтың 70%-ын қамтамасыз етуде.
• Жасыл энергетика саласында Қытай 16 жыл қатарынан фотоэлектрлік модульдерді өндіру бойынша көш бастап келеді.
Ішкі және сыртқы сауда
• Ішкі тұтыну нарығы 48,8 трлн юаньға жетіп, 3,5%-ға артты.
• Экспорт пен импорт көлемі 43,85 трлн юаньды құрап, Қытай әлемдік саудада көшбасшылығын сақтады.
• Қытай-Еуропа теміржол қатынасы 100 мың рейске жетіп, сыртқы сауданың тиімділігін арттырды.
Қытай елшісінің сөзінше, Қытай экономикасының тұрақтылығы мен инновациялық даму үрдістері жаһандық деңгейде маңызды рөл атқаруда. Қазақстанмен бірлескен жобалар екі елдің де экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізіп келеді.
22 қаңтарда Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Хань Чуньлинді қабылдаған болатын.