Қытай Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін жоғары бағалайды – дипломат
Қытайдың ШЫҰ-дағы халықаралық үйлестіру жұмысына жауапты елшісі Фань Сяньжун Қазақстанның астық экспортындағы рөліне баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжің қаласынан.
Бейжіңде өткен баспасөз конференциясында журналист дипломатқа "Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы ерекше өзекті. Қазақстан ШЫҰ аясында астық экспорттаушы ел ретінде қандай жаңа мүмкіндіктерге ие болады? Қытай бұл саладағы ынтымақтастықты қалай бағалайды?" деген сұрақ қойды.
Қазақстаннан Қытайға әртүрлі ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі. Қазақстан – Қытайдың жақсы көршісі әрі стратегиялық серіктесі. Сондықтан Қытай Қазақстанмен астық саудасын арттырып, әріптестігін одан әрі күшейте алады. Оның ішінде астық өндірісін дамыту және дайындауды да қарастыруға болады. Бұл – ШЫҰ-ның басым бағыттарының бірі. Өздеріңізге мәлім, Қытайда ауыл шаруашылығы технологияларының ірі орталығы орналасқан. Қытай – мол өнім жинайтын мемлекеттердің бірі. Сондықтан біз тепе-теңдікті қатаң сақтап, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуымыз қажет, – деді ол.
Сонымен қатар, Фань Сяньжун екі ел арасындағы саяси және стратегиялық серіктестікті ерекше атап өтті.
Сапалы бидай ұны – біздің нарық үшін маңызды. Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өте жақсы деңгейде. Бір жағынан, бұл екі елдің ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылының нәтижесі болса, екінші жағынан – екі ел басшыларының саяси және стратегиялық жетекшілігінің арқасы. Бұл мемлекеттеріміз арасындағы қатынастардың тұрақты дамуына ықпал етіп отыр, – деп түйіндеді ол.