Бүгiн 2026, 18:24 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қытай Қазақстанға қанша инвестиция құйды? Тоқаев нақты санды айтты

Ақордадағы кездесуде екіжақты қарым-қатынас пен экономикалық байланыс мәселесі көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай парламенті Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзиді қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесу барысында қазақ-қытай мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайту, парламентаралық байланыстарды дамыту және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи достық байланыстар өзара сенім мен тату көршілік рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Қытай әрдайым Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Сол үшін Қытай халқына, ел басшылығына және Төраға Си Цзиньпин мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз үшін қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін тұрақты түрде нығайту өте маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жыл екіжақты қатынастар тарихындағы ерекше кезең болған. Президент өзара сауда көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 49 миллиард долларды құрағанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, қытайлық инвестициялардың жалпы көлемі 29 миллиард доллардан асқан.

Президент халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша Қазақстан мен Қытай ұстанымдарының ұқсас екенін айтып, екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ықпалдастығына тоқталды.

Қазақстан Қытай ұсынған даму, өркениеттер диалогы және жаһандық басқару салаларындағы бастамаларды жоғары бағалайды әрі қолдайды. Еліміз «Бір Қытай» қағидатын берік ұстанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Си Цзиньпинне сәлем жолдап, Қытайдың даму бағытына жоғары баға берді.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қытай басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, соңғы жылдары қазақ-қытай қатынастары жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумның табысты өткенін атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Чжао Лэцзиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.