Қытай Қазақстанға инвестиция салған елдердің ТОП-5 қатарына кіреді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізге алғаш рет сапарымен келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы, 20-шақырылымдағы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі Ма Синжуймен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Оның жалпы тауар айналымы құрылымындағы үлесі 18%-ды құрайды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 34%-ға өсіп, $24 млрд-тан асты. Бұл 30 жыл ішінде қол жеткізілген жаңа рекордтық көрсеткіш болды. Сонымен қатар өзара сауданың көлемінің 40%-дан астамы ШҰАА-ға тиесілі.
Қазіргі уақытта өзара сауда-саттық қарқыны, оның ішінде шикізаттық емес, тауарлық позициялармен нығая түсуде. Осыған байланысты Премьер-Министр Қытайға 135 тауар түрі бойынша қазақстандық өнім экспортын $1 млрд-қа ұлғайта отырып, оң үрдісті қолдауды ұсынды.
Өзара іс-қимылдың маңызды бағыты инвестициялық ынтымақтастық, атап айтқанда, құны $21 млрд-тан асатын 52 бірлескен жобаны іске асыру болып отыр. Жалпы, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салған елдердің ТОП-5 қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $23 млрд-қа жетті.
Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан мен Қытайды тығыз экономикалық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтіп, ШҰАА ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, логистика, білім беру, инновация және т. б. бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында шекарадағы кедергілерді жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері егжей-тегжейлі қозғалды. Бірлескен күш-жігердің арқасында шекаралық автомобиль бекеттерінің өткізу қабілетінің артуы байқалады. Бұл екі елдің де экономикалық дамуына тиімді болып отыр.
Премьер-министр бес пункттің екеуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетіп өткізу үшін «жасыл дәліздер» іске қосылғанына назар аударды.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақстандық жүк тасымалдаушыларға ҚХР-ға кіру үшін виза беру рәсімдерін жеделдету мәселесін көтерді. Бұл жалпы тауар айналымының қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.