Қытай - Орталық Азия елдерінің форумы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға негіз болады
ҚХР Бейжің, BAQ.KZ тілшісі. Қытайдың Далянь қаласында Қытай - Орталық Азия ынтымақтастығының ІХ форумы өтті.
Ляонин провинциясының Халық үкіметі ұйымдастырған форумның негізгі мақсаты Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай тату көршілік, достық және ынтымақтастық негіздерін нығайту және ынтымақтастықты жалғастыру болды.
Форумға Орталық Азияның бес елінің, нақтырақ айтқанда, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, сондай-ақ Қытайдың дипломатиялық және басқа да салаларының өкілдері және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы қатысты. Одан бөлек, түрлі қоғамдық және экономикалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форум ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында өтті.
Форум барысында ауыл шаруашылығы, білім беру саласы, гендерлік теңдік және цифрлық экономика мәселелері талқыланды.
Форум барысында коронавирустық пандемия да талқыланды. Осы тұрғыда Орталық Азияның бес елінің өкілдері Қытайдың пандемиямен күреске және оның салдарын еңсеруге қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Қатысушылар кең ауқымды мәселелер бойынша бірдей қорытындыға келіп, форум қорытындыларын бекіту мақсатында бірнеше ұсыныс айтылды:
– тату көршілік, достық және ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ұйымшылдық пен сенімді нығайту, практикалық кооперацияны кеңейту және сын-қатерлерге бірлескен қарсы іс-қимыл саласында тығыз байланыстарды дамыту және Қытай-Орталық Азия тағдырының барынша тығыз қоғамдастығын құру.
- энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық экономика және құрлық-теңіз дәліздерін дамыту бойынша ұлттық стратегияларды жедел ұштастыру жоспарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде ынтымақтастықты бірлесіп ілгерілету, химия өнеркәсібі, жаңа және жоғары технологиялар, цифрлық сауда, жасанды интеллект және жасыл салалар бойынша өзара іс-қимылдың жан-жақты әлеуетін меңгеру және деңгейін арттыру.
- екіжақты және көпжақты гуманитарлық іс-шараларға өңірлік билік орындарының, жоғары оқу орындарының, талдау орталықтарының, БАҚ пен түрлі салалық қауымдастықтардың белсенді қатысуына көмектесу, Қытай мен Орталық Азия елдерінің халықтары байланыстыратын көпір бола отырып, білім беруді, мәдени алмасуды және әйелдер қозғалысын дамыту жөніндегі өңіраралық әріптестік желісін кеңейту.
Еске сала кетейік, форумға Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышов қатысты.