Қытай Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге атсалыспақ
Қытай тарапының пікірінше, өңірдегі тұрақтылық халықаралық энергетикалық ресурстарды жеткізу мен жаһандық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Қытай Иран және Сауд Арабиясымен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қытай Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдету үшін аймақ елдерімен диалогты нығайтуға ниетті. Жақында Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Эр-Рияд пен Тегераннан келген қауіпсіздік мәселелеріне жауапты өкілдермен кездесіп, Парсы шығанағы мен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылаған.
Мао Ниннің сөзінше, Бейжің Иран мен АҚШ арасындағы келіспеушіліктерді келіссөз арқылы шешуді қолдайды. Сондай-ақ Ормуз бұғазын ашу жөнінде жан-жақты шешім әзірлеуге және Йемен мәселесін саяси жолмен реттеуге жәрдемдесуге дайын.
Қытай тарапының пікірінше, өңірдегі тұрақтылық халықаралық энергетикалық ресурстарды жеткізу мен жаһандық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Иран Қытайдың Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдап, Бейжіңнің араағайындық рөлін жалғастыруына мүдделі екенін білдірген.