Қытай неге Мьянмадағы мафиялық әулеттің 11 мүшесін жедел түрде өлім жазасына кесті?

Қытай билігі солтүстік Мьянмада әрекет еткен атышулы қылмыстық топтың 11 мүшесін өлім жазасына кесіп, үкімді тез арада орындады. Олар 2025 жылдың қыркүйегінде аса ауыр қылмыстар үшін сотталған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, Қытайда өлім жазасы әлемдегі басқа елдерге қарағанда жиі қолданылады, алайда нақты саны мемлекеттік құпия саналады. Әдетте шенеуніктер жемқорлық үшін жазаланады. Ал бұл жолы сотталғандардың ісі әлдеқайда ауыр болған.

Шекарадағы мафиялық билік

2009 жылдан бері Мин, Бау, Вэй және Лю әулеттері Мьянманың Шан штатындағы Қытаймен шектес Лауккаинг қаласын бақылауда ұстаған. Олар билікке Мьянма әскерилері этникалық көтерілісшілерді ығыстырғаннан кейін келген.

Алғашында апиын мен синтетикалық есірткі өндірісіне тәуелді болған бұл топтар кейін казино бизнесіне, ал соңында онлайн-алаяқтыққа көшкен. Қылмыстық құрылымдар Мьянма әскерімен тығыз байланыста болған. Тіпті 2021 жылы төңкерістен кейін Мьянма басшысы Мин Аун Хлаинг Лю әулетінің жетекшісін мемлекеттік марапатпен марапаттаған.

Фото: ВВС

Қытайды ашындырған қатыгез қылмыстар

Лауккаингтегі алаяқтық орталықтары ерекше қатігездігімен көзге түсті. Мыңдаған адам, негізінен Қытай азаматтары, жоғары жалақы уәдесімен алдап әкелініп, іс жүзінде қамауда ұсталып, интернет-алаяқтыққа мәжбүрленген. Қарсылық көрсеткендерге азаптау қолданылған.

Ең атышулы нысан – Мин әулетіне тиесілі «Жасырын жолбарыс» вилласы. 2023 жылдың қазанында қашпақ болған бірнеше Қытай азаматы күзетшілер тарапынан өлтірілген. Осы оқиғадан кейін Қытай билігі шұғыл әрекетке көшті.

Қатаң жауап

Қытайдың ашық қолдауымен этникалық MNDAA қарулы тобы Лауккаингті қайта басып алып, алаяқтық бизнесін жоюға уәде берді. Төрт әулеттің басшылары ұсталып, 60-тан астам туысы мен сыбайласы Қытайға экстрадицияланды.

Қытай билігі тергеу кезінде ашылған ауыр қылмыстарды – соның ішінде күш көрсету мақсатында кездейсоқ адам өлтіру фактілерін – жариялап, қатал үкімдерді ақтады. Бау әулетінің тағы бес мүшесі өлім жазасын күтіп отыр, ал Вэй мен Лю әулеттеріне қатысты сот процестері әлі жалғасуда.

Фото: Getty Images

Алаяқтық жойылды ма?

Қытай Таиланд пен Камбоджадан да ірі алаяқтық империяларын құрды деп айыпталған азаматтарын экстрадициялатты. Мыңдаған Қытай азаматы елге қайтарылып, сотқа тартылды.

Алайда сарапшылардың айтуынша, онлайн-алаяқтық толық жойылған жоқ. Ол Камбоджада әлі де ең табысты көлеңкелі бизнес саналады және Мьянманың басқа өңірлеріне ауысып жатыр.

Еске сала кетейік, Қытай Мьянмадағы мафия тобының 11 мүшесін өлім жазасына кескені хабарланған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы