Қытай Мьянмадағы мафия тобының 11 мүшесін өлім жазасына кесті

Қытай билігі Мьянманың солтүстік-шығыс шекара аймағында онлайн алаяқтық орталықтарын басқарған атышулы мафиялық кланның 11 мүшін өлім жазасына кесті. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Қыркүйек айында Чжэцзян провинциясының соты Мин әулетінің мүшелерін кісі өлтіру, заңсыз бас бостандығынан айыру, алаяқтық, сондай-ақ құмар ойын мекемелерін ұйымдастыру сияқты ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп таныған. Үкімдерге жасалған шағымдар қараша айында Қытайдың Жоғарғы соты тарапынан кері қайтарылды.

Миндер Лауккай қаласында ықпалды кландардың бірі болған. Бұрын кедей әрі шалғай аймақ саналатын бұл қала олардың бақылауында казино, жезөкшелік және кейіннен онлайн алаяқтық орталықтары шоғырланған ірі қылмыстық хабқа айналған.

Алаяқтық империя 2023 жылы Мьянма армиясы мен этникалық қарулы топтар арасындағы қақтығыстар кезінде күйреді. Қарулы топтар Лауккайды бақылауға алып, қылмыстық желі мүшелерін ұстап, Қытай билігіне тапсырған.

Қытайдың жоғарғы сотының мәліметінше, Мин әулетінің қылмыстық әрекеттері 2015–2023 жылдар аралығында 10 млрд юаньнан астам табыс әкелген. Алаяқтық салдарынан 14 Қытай азаматы қаза тауып, көптеген адам жарақат алған.

Бұған дейін Мин отбасының 20-дан астам мүшесі бес жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылған. Кланның басшысы Мин Сюэчан 2023 жылы тұтқындалмас үшін өз-өзіне қол жұмсаған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үкім Пекиннің трансшекаралық онлайн алаяқтыққа қарсы күрестегі қатаң ұстанымын көрсетеді. Алайда БҰҰ деректеріне сәйкес, мұндай қылмыстық желілердің бір бөлігі қазір Мьянманың Таиландпен шекарасына, сондай-ақ Камбоджа мен Лаос аумақтарына ығысқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы