Қытай мен Үндістан шекара дауын реттеу жөніндегі диалогты жалғастырады
Қытай тарапының мәліметінше, шекара мәселесі бойынша келіссөздердің келесі кезеңін 2027 жылы Үндістанда өткізу жоспарланып отыр.
Қытай мен Үндістан даулы шекара мәселесін реттеу бойынша келіссөздерді жалғастырып, екі тарап үшін де қолайлы шешім іздеуге уағдаласты. Бұл туралы Бейжіңде өткен жоғары деңгейдегі кездесуден кейін мәлім болды.
Reuters-тің жазуынша, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И мен Үндістанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довал шекара мәселесі мен екіжақты қарым-қатынастарды талқылады. Қытай СІМ келіссөздерді жан-жақты, терең әрі ашық өтті деп бағалады.
Тараптар ұзындығы шамамен 3 800 шақырым болатын Гималайдағы даулы шекараға қатысты «әділ, ақылға қонымды және өзара қолайлы шешім» іздеуді жалғастыруға келісті.
«Екі тарап тарихи тәжірибеден сабақ алып, шекара мәселесіне екіжақты қарым-қатынаста тиісті орын беріп, тоқыраусыз және кері шегінусіз алға жылжуы керек», – деді Ван И.
Үндістанның Қытайдағы елшілігінің мәліметінше, тараптар шекаралық аудандардағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ ынтымақтастықты кеңейту жолдарын да қарастырған.
Қытай мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас 2020 жылғы шекарадағы қақтығыстан кейін күрт шиеленіскен еді. 2024 жылдың қазанында тараптар әскерлерді ажырату жөнінде келісімге келіп, содан бері байланыстар біртіндеп қалпына келе бастады.
Қытай тарапының мәліметінше, шекара мәселесі бойынша келіссөздердің келесі кезеңін 2027 жылы Үндістанда өткізу жоспарланып отыр.