Қытай мен Ресей арасындағы байланыс жаңа кезеңге өтпек
Қытайлық компаниялар мен банктер АҚШ-тың Ресейге қарсы енгізген жанама санкцияларынан қорқуын доғарады. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейжіңге қарсы басталған тарифтік соғысына байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы URA.RU агенттігіне берген сұхбатында Ресей Жоғары экономика мектебі жанындағы Еуропалық және халықаралық кешенді зерттеулер орталығының директоры Василий Кашин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2022–2023 жылдары Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымы қарқынды өсті. Ал 2024 жылы өзара есеп айырысудағы дағдарысқа байланысты өсу бәсеңдеді. Яғни Қытайдан Ресейге ақша аудару біршама жеңіл болғанымен, Ресейден Қытайға тауар үшін төлем жіберу қиындады. АҚШ Азиядағы банктер мен компанияларды санкциялармен қорқыту арқылы Ресейге қосарланған мақсаттағы өнім жеткізілімін тоқтатқысы келеді, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай өзгеруі мүмкін. Өйткені көптеген қытайлық кәсіпорындар АҚШ нарығынан шеттетіліп жатыр. Бұл – олардың батыс санкцияларынан қорқу себептері азаяды деген сөз. Сондықтан Қытай мен Ресей арасындағы есеп айырысуда жағдай реттелуі мүмкін.
Еске салсақ, 2 сәуірде Ақ үй басшысы шетелден әкелінетін импортқа қарсы өзара тарифтер енгізді. Бұл тарифтердің негізгі ең төменгі мөлшері – 10%. Алайда кейбір елдерге қатысты бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары: Қытай үшін – 34%, Вьетнам – 46%, Еуроодақ – 20%. 9 сәуірде Трамп 75 ел үшін тарифтерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді, бірақ Қытайға керісінше, 125%-ға дейін өсірді.
Бұған жауап ретінде Пекин 84% көлемінде қарсы шаралар енгізді. Келесі күні Трамп Азиядағы ең ірі экономикаға тосқауылдық тарифтерді тағы да 145%-ға дейін көтерді.