Қытай мен ЕО сирек кездесетін металдар экспортын жеңілдетеді
Бейжіңде өткен екі күндік келіссөздерде тараптар сауда қатынастарын жақсарту және өзара саудадағы теңгерімсіздікті азайту мәселелерін талқылады.
Қытай мен Еуропалық одақ сирек кездесетін металдар мен тұрақты магниттерді экспорттау рәсімдерін жеңілдетуге келісті.
Бейжіңде өткен екі күндік келіссөздерде тараптар сауда қатынастарын жақсарту және өзара саудадағы теңгерімсіздікті азайту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында Қытайдан Еуропаға экспортталатын гибридті автомобильдер көлемін қысқарту, еуропалық тауарларға салынатын импорттық баж салығын төмендету және сирек кездесетін металдарды экспорттау рәсімдерін жеңілдету мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Қытай бірқатар еуропалық тауарға салынатын импорттық баж салығын төмендетуге келісті. Құны 4 млрд еуроны құрайтын тауарлар тобына автомобиль бөлшектері, зәйтүн майы және басқа да өнімдер кіреді. Бұл өзгерістер еуропалық компанияларға кемінде 125 млн еуро үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тараптар сирек кездесетін жер элементтері мен тұрақты магниттерді экспорттауға лицензия беру рәсімдерін жеңілдету жөнінде уағдаласты. Мұндай материалдар жоғары технологиялық өндірісте кеңінен қолданылады.
Еуропалық одақтың сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович келісімдерді сауда қатынастарын жақсарту жолындағы маңызды қадам деп бағалады.
Тараптар келіссөздерді 2027 жылдың қаңтарында онлайн форматта жалғастырып, наурыз айында кезекті кездесу өткізуді жоспарлап отыр.