Бүгiн 2026, 11:40 Фото: ©BAQ.KZ Гүлжан Раманқұлова/ЖИ

Қытай мен АҚШ мәмілеге келсе, Орталық Азияда не өзгереді?

Саясаттанушы АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздердің Орталық Азияға, Қазақстан экономикасына және елдің көпвекторлы саясатына қалай әсер етуі мүмкін екенін талдап берді.

Бейжіңде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі өтіп жатыр. Сарапшылар бұл саммитті әлемдегі ең ықпалды екі экономика арасындағы қарым-қатынастың келесі кезеңін айқындайтын маңызды оқиға ретінде бағалап отыр.

BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірген «Қытайды зерттеушілер қауымдастығының» төрағасы, саясаттанушы, PhD Қазбек Майгельдинов бұл кездесуді «жаңа дәуірдің басталуы» емес, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестікті басқарудың кәсіби формасы деп сипаттайды.

Сарапшының сөзінше, әлем бұл саммиттен ең алдымен үш негізгі мәселе бойынша нақты сигнал күтеді.

Біріншіден, тарифтер мен сирек жер металдары бойынша уақытша келісім күтіледі. Өйткені Қытайдың 2025 жылғы сәуір мен қазанда енгізген шектеулері әлемдік өнеркәсіпке тікелей соққы болды. Екіншіден, Ирандағы соғыс жағдайында Қытайдың Ормуз бұғазы мен энергетикалық қауіпсіздікке қатысты ұстанымы маңызды. Үшіншіден, Тайвань және жасанды интеллект чиптері төңірегіндегі мәселе, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, кездесу құрамының өзі саммиттің саяси ғана емес, экономикалық әрі технологиялық маңызын көрсетіп отыр. Трамп делегациясының құрамында Tesla басшысы Илон Маск, Apple жетекшісі Тим Кук және Nvidia жетекшісі Дженсен Хуан сияқты технологиялық алыптардың болуы – кездесу коммерциялық сипатқа да ие екенін аңғартады.

«Шығыс көтеріліп, Батыс құлдырап жатыр»

Саясаттанушының пікірінше, қысқа мерзімде АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс сәл бәсеңдеуі мүмкін. Бірақ бұл стратегиялық текетірестің аяқталғанын білдірмейді.

Құрылымдық бәсекелестік сақталады. Си Цзиньпин бұл кездесуге күштік позициядан келіп отыр. Сирек жер металдарының экспортын шектеу арқылы Пекин Вашингтонды 2025 жылы екі рет шегінуге мәжбүрледі. Қытайдың ішкі дискурсында “Шығыс көтеріліп, Батыс құлдырап жатыр” деген тезис күшейіп келеді, – дейді ол.

Сарапшы қазіргі келіссөздердегі күн тәртібінде үш түйінді мәселе тұрғанын атап өтті. Сауда және сирек жер металдары, мұнда екі жақ та уақытша мәміле жасауға дайын. Жасанды интеллект чиптері, яғни Nvidia мен AMD-ның Қытай нарығына қол жеткізуі мәселесі және Иран соғысы.

Оның сөзінше, Қытай Иран мұнайының негізгі сатып алушысы ретінде Тегеранға ықпал ете алады.

Сондықтан келіссөздердің нәтижесі стратегиялық емес, тактикалық сипатта болады. Яғни уақытша тарифтік уағдаластықтар, символикалық сатып алу мәмілелері болуы мүмкін, – дейді Қазбек Майгельдинов.

Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?

Сарапшының айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы қатынастың тұрақтануы Қазақстан үшін тікелей емес, жанама түрде өте маңызды.

Бұл Астана үшін әрекет ету кеңістігін кеңейтеді. Біріншіден, инвестициялық тәуекелдер төмендейді. Қытайдың Қазақстандағы жобалары АҚШ-тың “екінші реттік санкциялар” қаупінен босайды. Екіншіден, сауда және логистикалық ағындар тұрақталады. Бұл әсіресе Орта дәліз үшін маңызды, – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, Қытай мен АҚШ арасындағы тұрақтылық Орталық Азиядағы геосаяси кеңістікті тарылтпайды, керісінше кеңейтеді.

Қытайдың Орталық Азияға қызығушылығы уақытша емес, құрылымдық сипатта. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік, Шыңжаңның тұрақтылығы, Малакка мен Ормуз бұғаздарын айналып өтетін құрлық дәліздері және сыни минералдарға қол жеткізу мәселелерімен байланысты, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреген сайын, Қытай бұл бос орындағы позициясын күшейтіп келеді.

Ал АҚШ-пен тұрақты қатынас бұл үрдісті тек жылдамдата алады, – дейді ол.

АҚШ та Орталық Азиядан кетпейді

Қазбек Майгельдинов Вашингтонның да Орталық Азияға қызығушылығы сақталып отырғанын айтады.

Сарапшы бірнеше мысал келтірді: 2025 жылғы қарашадағы С5+1 саммиті, Қазақстанмен жасалған вольфрам жөніндегі келісім, Wabtec локомотивтері бойынша мәміле, Қазақстанның «Авраам келісімдеріне» қосылуы.

Мұның бәрі АҚШ-тың аймаққа стратегиялық қызығушылығының дәлелі. Демек, екі держава бір-біріне қарсы тұра алмайтын кеңістікте қатар инвестиция салатын болады. Бұл Орталық Азия үшін тарихи мүмкіндік, – дейді ол.

Қазақстан неден сақ болуы керек?

Саясаттанушы Қазақстанның сыртқы саясатында бірнеше нақты қауіп бар екенін атап өтті.

Бірінші қауіп – “сына” болу. Ең қауіпті сценарий – Вашингтонға Пекинге қарсы құрал, Пекинге Мәскеуге қарсы құрал, ал Мәскеуге Батысқа қарсы құрал болып көріну, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, көпвекторлы саясат тек Астананы барлық тарап дербес ойыншы ретінде қабылдағанда ғана тиімді жұмыс істейді.

Екінші мәселе – тұлғаларға тәуелді мәмілелер.

Көріп отырғанымыздай, Трамп тұрақты саясаткер емес. Бүгін бір бағытты ұстаса, ертең басқа шешім қабылдауы мүмкін. Сондықтан АҚШ-пен қарым-қатынасты институттандыру қажет. Яғни Eximbank, инвестициялық кеңестер, екіжақты комиссиялар сияқты механизмдерді күшейту маңызды, – дейді Қазбек Майгельдинов.

Сарапшының пікірінше, қазіргі әлемде АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас тек екі елдің мәселесі емес. Бұл – бүкіл әлемдік экономика мен геосаяси тепе-теңдікке әсер ететін фактор. Ал Қазақстан үшін басты міндет – осы өзгерістер арасында өз дербестігін сақтап, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.