Қытай көліктері қазақстандықтарды бақылап жүр ме?
Қазақстанда кеңінен таралған қытай автокөліктерінің шетелдік серверлер арқылы жұмыс істеуі азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырды. Сарапшылар мұндай көліктер қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпаратты сыртқы юрисдикцияда өңдеуі мүмкін екенін айтып, бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу қажеттігін көтеріп отыр. Осыған орай Мәжіліс депутаты Әбүтәліп Мүтәлі Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде елімізде техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нарықта қолжетімді. Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады, - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғының ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате болып табылады. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады.
Жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалыстары мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар. Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуынан қорғайды және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алады, - деп мәлімдеді депутат.
Оның айтуынша, қалыптасқан ахуал алаңдатпай қоймайды. Өйткені кез келген азамат жасырын бақылауға алынуы мүмкін. Алайда азаматтарды мұндай жағдайда қорғау механизмдері әлі толық жетілмеген.
Сондықтан ол Үкіметтен келесіні сұрады:
- Азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз етуді.
- Жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеуді.
- Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Бас прокуратураның қатысуымен құрылғылар айналымын бақылау шарасын белгілеуді.
- Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды.
- Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды.
Бұған дейін 2026 жылы көлік саласында қандай жобалар іске асатыны жайында жан-жақты жазған едік.