Қытай көліктері Қазақстанды жаулап жатыр: отандық автоөнеркәсіпке қауіп бар ма?

Қазақстандағы автонарық түбегейлі өзгеріп келеді: бұрын қолданған Toyota маркаларын таңдаған халық енді жаңа Chery мен Haval көліктеріне көшуде. Қытай брендтерінің жаңа көліктер нарығындағы үлесі жылдан жылға артып, 2025 жылы елдегі сатылымдардың жартысына жетуі мүмкін. Алайда бұл жағдай отандық автоөнеркәсіпке соққы болады деуге келмейді. Бұл туралы BAQ.KZ порталына пікір білдірген Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков айтты.

Оның сөзінше, бүгінде "қытайлық" және "отандық" көліктер арасындағы шекара барған сайын жойылып барады, себебі көптеген қытай көлігі Қазақстанда құрастырылып жатыр.

Қазір "қытайлық" пен "отандықтың" айырмасы көп жағдайда шартты ғана. Көптеген қытай көлігі Қостанайда құрастырылып жатыр және жақын арада Алматыда да шығарыла бастайды. Иә, қытай брендтері корей және өзбек көліктерін нарықтан ығыстырып жатыр, бірақ солардың өзі біздің зауыттардың цехтарын толтырып отыр. Сондықтан бұл – отандық өндірісті ығыстыру емес, қайта оның бір бөлігіне айналған үдеріс, – дейді сарапшы.

Қытай брендтері 2024 жылы жаңа көліктердің 39% сатылымын құрады

Салыстырар болсақ, үш жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 10% еді. Эдуард Эдоковтың болжамынша, 2025 жылы қытай маркаларының үлесі 50%-дан асып кетуі мүмкін.

Неліктен қазақстандықтар қытай көліктерін жиі таңдай бастады?

Сарапшы бұл сұраққа бірнеше себеп келтіреді:

1. Бағасы мен жабдықталуы – қытай көліктері арзан әрі заманауи жабдықтармен толық келеді.
2. Қолжетімділігі – қытай брендтері Қазақстан нарығына белсенді еніп жатыр.
3. Несие шарттары – дистрибьюторлар 0–4% мөлшерлемемен несиелеуді субсидиялайды, банктер де жаңа брендтерді қуана қаржыландырып отыр.
4. Маркетинг және кепілдік – 5–7 жылдық кепілдік, trade-in бағдарламалары қазақстандықтарды ескі Toyota-дан жаңа Chery, Jetour, Haval-ға көшуге ынталандыруда.
5. Технологиялық артықшылықтар – үлкен дисплей, панорамалық шатыр, электрлі реттеу жүйелері – бәрі бірден зауыттан шығады.

Қытай көліктерінің сапасы қалай?

Біріншіден, қытайлықтар соңғы жылдары сапа жағынан қатты ілгеріледі. Екіншіден, баға мен сапа арақатынасы қазір корей не жапон көліктерімен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Үшіншіден, қытайлық электромобильдер мен гибридтер бүгінде әлемдегі ең үздіктердің қатарында, - деп нақты пікір білдірді Эдуард Эдоков.

Утильалым автонарықты шектеп отыр

Сарапшының айтуынша, утилизациялық алым автокөліктерді Қазақстанға әкелуді баяулататын басты фактор болып отыр:

Мен әрдайым айтып келем: утильалым – көлік әкелуді тежейтін тікелей кедергі, – дейді Эдоков.

Келешекке болжам қандай?

Сарапшы алдағы жылдарға мынадай болжам жасайды:

• Қытай көліктерінің нарықтағы үлесі әлі де арта береді;
• Қазақстанда құрастырылатын қытай маркаларының саны көбейеді, мүмкін, жергілікті құрамдас бөлшектердің үлесі де өседі;
• Қытай, корей және жапон көліктерінің бағасы өсе береді (науқандық жеңілдіктер болғанымен, баға өсу үрдісі сақталады);
• Қытай брендтері орта сегменттен люкс санатына да кіре бастайды – BYD, FAW, Geely секілді компаниялардың премиум үлгілері көптеп шығарылады.

Электромобильдер тасқыны қалай басталды?

Қытай электромобильдерінің Қазақстан нарығына белсенді енуі 2022 жылдан кейін басталды. Сол жылы Ресей зауыттарынан еуропалық және жапон көліктерінің жеткізілімі тоқтаған. Қазір елімізде JAC және Jetour маркаларының құрастыруы жергіліктендірілген. Ал 2025 жылы Алматыда Chery, Haval және Changan өндірісі жолға қойылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы