Кеше 2026, 23:56 Фото: Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И. / Синьхуа

Қытай Иранға жасалған соққылар мен Әли Хаменейдің қазасына қатысты қатаң мәлімдеме жасады

Қытай Иранға жасалған соққыларды айыптап, халықаралық құқықтың бұзылғанын мәлімдеді.

АҚШ пен Израильдің АҚШ-Иран келіссөздері кезінде Иранға шабуылдары, сондай-ақ егемен мемлекет көшбасшысының өлтірілуі де қабылданбайды. Бұл туралы жексенбі, 1 наурызда Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, егемен мемлекеттің басшылығына қарсы жасалған қастандық халықаралық құқық нормаларын бұзады.

Министр Қытайдың әрдайым Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын сақтауды қолдайтынын және халықаралық қатынастарда күш қолдануға қарсы екенін атап өтті.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясынсыз егемен мемлекетке шабуыл жасау Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіптің негіздерін әлсіретеді, – деді Ван И.

Бейжің Парсы шығанағы аймағындағы әскери іс-қимылдардың кеңеюіне алаңдаушылық білдіріп, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығу қаупі бар екенін жеткізді. Қытай тарапы тараптарды әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға және шиеленісті ушықтырмауға шақырды.

Бұған дейін 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасағаны хабарланған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасын жою ниеті бар екенін мәлімдеген.

Зымырандық шабуыл салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи қаза тапты. Осы оқиғадан кейін елде 40 күндік аза тұту жарияланып, армия жауап қайтаруға уәде берді.