Қытай ғалымдары Қазақстандағы саяси реформаларға берік қолдау білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта Қытайдың жетекші талдау орталықтарының қатысуымен 2022 жылғы 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның негізгі мақсаттарын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өткізілді. 

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышев қатысушыларға «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар және «Екінші Республиканы» қалыптастыру үшін референдумның мәні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын түсіндіруге ерекше назар аударылды. 

 Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов конституциялық реформа және «Екінші Республиканы» құру жөніндегі бастаманың маңыздылығы туралы баяндама жасады. 

Өз кезегінде, қытайлық ғалымдар мен ҚХР орталық зерттеу институттарының өкілдері ҚР-дағы жағдай туралы өз пікірлерімен бөлісіп, «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша реформаларға оң баға берді. 

Қытай Қазақстанның таңдаған өзіндік, ерекше даму жолын қолдайды және Қазақстан тұрақты әрі гүлденген мемлекет болып қала беретініне үміттенеді. Қытай Жаңа Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға үміт артады, - деп атап өтті  Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясының Орталық Азия институтының директоры Дин Сяосин.

Беделді қытайлық сарапшылар Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізуді қолдап, жүргізіліп жатқан конституциялық реформа уақтылы және Қазақстанның одан әрі дамуы мен өркендеуі үшін қажет деп мәлімдеді.

Қазақстанның алдағы конституциялық реформасы негізінен саяси саладағы реформаларды көздейді. Өз кезінде Қытай реформалары да саясаттан басталды. Осыған орай, біз мұндай өзгерістер саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа, сондай-ақ Қазақстанның және жалпы өңірдің дамуына ықпал ететініне нық сенеміз, - деді ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Дамуды зерттеу орталығы Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань

Сонымен бірге, дөңгелек үстелге қатысушылар екі ел арасындағы өзара ықпалдасудың кең перспективаларын атап өтті, ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ байланыстардың кеңеюіне үміт білдірді.  

Іс-шараға Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытайдың халықаралық проблемалар академиясы, Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы және ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығының бейінді институттарының басшылары мен сарапшылары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы