Қытай есектің сүтінен денсаулыққа пайдалы дәрі шығарып жатыр

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында есек сүтін және терісін өңдеумен айналысатын ерекше шаруашылық бар. Мұндай фермалар дәстүрлі медицина мен косметология саласына қажетті өнімдерді өндіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ферма мамандарының айтуынша, есек сүті адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай. Ол аллергияның алдын алуға, асқазан ауруларын жеңілдетуге және иммундық жүйені қалпына келтіруге көмектеседі.

Есек сүті – ең пайдалы табиғи өнімдердің бірі. Ол ағзаны тазартып, күш-қуатты арттырады. Кей науқастар оны емдік мақсатта пайдаланады, – дейді ферма қызметкері.

Фермаларда алынған есек терісі мен еті де тиімді өңделеді. Тері – дәрі-дәрмек пен косметикалық өнім жасауға, ал ет – арнайы өңделіп, елдің өзге провинцияларына жеткізуге пайдаланылады.

Мамандардың айтуынша, бір есектің өмір сүру ұзақтығы шамамен 25-30 жыл, ал сүт өнімін алу кезеңі алғашқы 10-15 жылға созылады. Осы уақытта алынған сүт жаңа күйінде де, құрғақ түрінде де сатылымға шығарылады.

Құрғақ есек сүті ұзақ сақталады әрі экспортқа шығару үшін өте ыңғайлы, – дейді мамандар.

Мұндай шаруашылықтардың бірі – Шыңжаңның солтүстігіндегі Тудуньцзы фермаcы. Бұл ферма 1955 жылы құрылған. Ферма аумағы 85 шаршы шақырымды қамтиды.

Мұнда есек шаруашылығымен қатар астық, мақта, қызанақ және бұрыш өсірілетін аграрлық кешен де дамыған. 121 жылыжайда жаңа көшеттер өсіріледі. Жергілікті кооперативтер қызанақ өндірісін жолға қойып, өңірдің ауыл шаруашылығын әртараптандыруда. 

Су қоймалары мен мол күн энергиясы есебінен ферма экологиялық таза әрі заманауи технологиялармен жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, қазақстандық БАҚ өкілдері Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысына баспасөз турымен барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы