Қытай елшісі Қазақстаннан кететін болды

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытай елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы дипломатиялық қызметін 2018 жылғы 30 тамызда бастаған. Бүгінге дейін ол елімізде 6 жылдан астам уақыт бойы дипломатиялық миссиясын атқарды.

2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы алғаш рет 40 миллиард доллардан асты. Биыл да сауда айналымы өсіп келеді. Мысалы, қаңтар-қыркүйек айларында 33 млрд долларға жетіп, 13%-ға өсті. Бұл нәтиже мемлекет басшыларының биылғы шілде айында қойған тауар айналымын жақын жылдары екі есеге арттыру мақсатына жақын екенімізді көрсетіп отыр, - деді дипломат салтанатты кеште.

Чжан Сяо елдеріміз арасында жүзеге асырылған жобаларды да атап өтіп, визасыз режим халқымыздың саясатқа шығу процесін айтарлықтай жеңілдеткенін айтты.

Президент Тоқаевтың дана басшылығымен берік іргетас қаланып, әділетті Қазақстанның контурлары біздің көз алдымызда және үлкен қарқынмен белгіленіп келеді. Бұл бүгінгі таңда Қазақстанның дұрыс жолда келе жатқанына және саяси-экономикалық қайта құру бойынша алға қойылған міндеттер дер кезінде орындалатынына сенім ұялатады, - деп айтты Қытай елшісі.

Ол Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы кезінде өзіне қолдау көрсеткен барлық досына, әріптесіне алғысын білдірді.

Дипломат қызметіне келгендер бір жерде тұрақты жұмыс істемейді. Елші ретінде мен бұған бері үйреніп қалғанмын. Алайда Қазақстанмен қимай қоштасамын. Соңғы 6 жылда көп қазақ дос таптым. Қазақстаннан кеткенде жүрегімнің бір бөлігін осында қалдырамын. Қайда болсам да, болашақта не істесем де, Қазақстан мен Қытай-Қазақстан қарым-қатынастары әрқашан менің назарымда болады, - деп айтты ҚХР елшісі Чжан Сяо.

Еске сала кетейік, 2 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдап, дипломатты II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы