23 Тамыз 2026, 15:20 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Қытай елшісі Астанадағы сайлау барысына баға берді

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин Астанадағы №228 сайлау учаскесінде дауыс беру барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол сайлау учаскесіндегі ұйымдастыру жұмыстары мен азаматтардың белсенділігіне назар аударды.

«Алғашқы әсерім – мұнда тәртіп сақталған. Құбылмалы ауа райына қарамастан, азаматтар сайлауға белсенді қатысып жатыр. Халықтың белсенділігін атап өтпеуге болмайды. Дауыс беру рәсімдерінің барлығы әділдік қағидаттарына сай өтіп жатыр», – дейді Хань Чуньлин.

Еске салайық, бұған дейін Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының басшысы Су Фанцю да Қазақстандағы сайлау науқанының өту барысына қатысты пікір білдірген болатын.

Оның айтуынша, халықаралық бақылаушылардың жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалған, ал дауыс беру процесі ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.

«Бақылаушылардың жұмысына қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Сайлау комиссияларының қызметкерлері жоғары кәсібилік көрсетіп отыр. Олар халықаралық бақылаушылардың барлық сұрағына жедел әрі толық жауап береді. Таңертеңнен бері дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Біз бұл үдеріс Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамасына және халықаралық тәжірибе нормаларына толық сәйкес келеді деп есептейміз», – дейді Су Фанцю.