Қытай экономикасы 5%-ға өсті
Қытай экономикасы күткеннен жоғары өсім көрсетті.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қытай экономикасы 5%-ға өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚХР Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенген Жэньминь жибао мәлімдеді.
Алдын ала есепке сәйкес, бірінші тоқсандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 33 419,3 млрд юаньды құраған. Тұрақты бағамен есептегенде, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-дық өсімді көрсетеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, экономикалық өсім бірқатар негізгі салалардағы оң динамика есебінен қамтамасыз етілген:
– өнеркәсіп өндірісі 6,1%-ға артты;
– әлеуметтік тұтыну тауарларының жалпы көлемі 2,4%-ға өсті;
– негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,7%-ға көбейді;
– сыртқы сауда айналымы, яғни импорт пен экспорттың жалпы көлемі 15%-ға ұлғайды.
Сонымен қатар, елдегі қала-қалашықтар бойынша жұмыссыздық деңгейінің орташа көрсеткіші 5,3%-ды құрады.
Associated Press (AP) ақпаратынша, бұл көрсеткіштер болжамнан жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Сондай-ақ өсім 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы 4,5%-бен салыстырғанда жеделдеген.
Айта кетейік, Қытай экономикасының өсімі Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс жағдайында тіркелді. Қақтығыс есепті кезеңде басталып, бірнеше апта бойы жалғасқан.
Қысқамерзімді тәуекелдер шектеулі
Экономистердің пікірінше, Қытай экономикасы бұл геосаяси факторлардың қысқа мерзімді әсеріне төтеп бере алады.
Алайда энергия ресурстары бағасының өсуі инфляциялық қысымды күшейтіп, әлемдік экономикаға да әсер етуі мүмкін.
Ұзақмерзімді тәуекелдер сақталады
Сарапшылар ұзақ мерзімді перспективада бірқатар тәуекелдердің сақталатынын ескертеді. Олардың қатарында Қытай экспортына деген жаһандық сұраныстың төмендеуі бар.
Осы аптада Халықаралық валюта қоры Қытай экономикасының 2026 жылға арналған өсу болжамын 4,4%-ға дейін төмендетті.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай билігі биылғы жылға арналған экономикалық өсім жоспарын 4,5-5% деңгейінде белгілеген болатын. Бұл – 1991 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.