Қытай басшысы Си Цзиньпин Мәскеуге барды
Қытай төрағасы Си Цзиньпин сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу және салтанатты сапармен Мәскеуге ұшып келді. Ол ұшып келер алдында Мәскеуге украин дрондарының шабуылы жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Reuters ақпаратынша, Қытай – Ресейдің мұнай мен газын ең көп сатып алатын ел әрі Батыстың Украинадағы соғысқа байланысты салған санкцияларына қарсы Мәскеуге экономикалық тірек болып отырған мемлекет. Си Цзиньпин Ресей астанасындағы Внуково-2 әуежайына қонған сәтте ресейлік билік тағы бір украин дроны Мәскеу маңында атып түсірілгенін хабарлады.
Бұл – Украина Мәскеуге дронмен шабуыл жасаған қатарынан үшінші күн. Си Цзиньпин келгенге 3 сағат қалғанда Мәскеудің басты әуежайларының бірі уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі екі елдің астаналарына жасалған әуе шабуылдары жайлы сұраққа жауап бере отырып, Си сапарына қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ол тек "ең бастысы – шиеленісті одан әрі ушықтырмау" деді.
Си Цзиньпин – жұма күні Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін әскери парадқа қатысатын ең ықпалды әлемдік лидер. Бұл парад – Кеңес Одағы мен оның одақтастарының фашистік Германияны жеңгеніне 80 жыл толуына орай өтеді.
Сапар Ресей президенті Владимир Путинге халықаралық оқшауланудан шығуға тырысып жатқан сәтте маңызды дипломатиялық қолдау болып отыр. Кремль Си Цзиньпин мен басқа да 28 ел басшысының қатысуын Ресейдің әлемдік аренадағы беделі өсіп келе жатқанының дәлелі ретінде көрсетуде.