Қытай бас консулы: Алматыдағы сайлауда заңбұзушылықтар болған жоқ
Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының басшысы Су Фанцю Қазақстандағы сайлау науқанының өту барысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, халықаралық бақылаушылар үшін барлық жағдай жасалған және дауыс беру процесі ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бақылаушылардың жұмысына қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Сайлау комиссияларының қызметкерлері жоғары кәсібилік көрсетіп отыр. Олар халықаралық бақылаушылардың барлық сұрағына жедел әрі толық жауап береді. Таңертеңнен бері дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Біз бұл үдеріс Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамасына және халықаралық тәжірибе нормаларына толық сәйкес келеді деп есептейміз, – деді Су Фанцю.
Қытай дипломаты дауыс беру науқанының тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, таңертеңнен бастап сайлаушылар белсенділігі артып, тұрғындардың қоғамдық-саяси процеске қызығушылығы байқалады.
Су Фанцю Алматыдағы бірнеше сайлау учаскесін аралағанын айтып, сайлаудың заңдылығына күмән келтіретін қандай да бір заңбұзушылық анықталмағанын жеткізді.
Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Сайлаудың легитимдігіне немесе бақылаушылардың жұмысына күмән тудыратын ешқандай заңбұзушылықты байқамадық. Қытай тарапы бұл сайлауды ашық, сенімге лайық әрі демократиялық қағидаттарға сай өтті деп санайды, – деді ол.
Бас консулдың пікірінше, Қазақстандағы бұл сайлау елдегі саяси реформалардың маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады және Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа белесті білдіреді.
Сондай-ақ ол Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті.
Қытай мен Қазақстан – мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптестер. Біз жақын көрші ретінде Қазақстанның дамуындағы оң өзгерістерді үнемі бақылап, қолдап келеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанға тәуелсіздігін нығайту, даму мен өркендеу жолында жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Су Фанцю.