Қытай айыптады, Еуропа күмәнданды, БҰҰ үн қатты: АҚШ қадамы әлемге нені көрсетті?

АҚШ-тың кезекті әскери соққысы халықаралық қауымдастықта кезекті шиеленіс толқынын туғызды. Әлемдік саясаттың ірі ойыншылары — Қытай, Ресей, Еуропалық одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы — Вашингтонның әрекетіне әрқилы үн қатты. Бұл реакциялар тек нақты жағдайға емес, қазіргі геосаяси тепе-теңдікке де көп нәрсе аңғартады. Әлемнің бұл оқиғаға қалай үн қатқанын BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Қытай: "Күш қолдану мәселені ушықтырады"

Пекин АҚШ-тың әскери әрекетін салқынқандылықпен, бірақ анық сынмен қарсы алды. Қытай билігі халықаралық дауларды қарумен емес, келіссөз үстелінде шешу қажет екенін тағы бір мәрте еске салды. Ресми мәлімдемелерде мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидалары ерекше аталды.

Бұл ұстаным — Қытайдың соңғы жылдары қалыптастырған сыртқы саяси желісінің жалғасы. Пекин өзін қақтығыстарды тежейтін, «жауапты держава» ретінде көрсетуге тырысып келеді. АҚШ-тың шабуылы, Қытайдың пайымынша, аймақтық тұрақсыздықты күшейтіп, халықаралық құқық нормаларын әлсіретеді.

Ресей: халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы

Мәскеудің реакциясы барынша қатаң болды. Ресей тарапы АҚШ әрекетін халықаралық құқықты елемеу деп бағалап, БҰҰ Жарғысына қайшы екенін атап өтті. Кремльдің риторикасында «біржақты шешімдер» мен «күшке сүйенген саясат» ұғымдары жиі қайталанды.

Бұл — Ресейдің соңғы жылдардағы дәстүрлі ұстанымы. Мәскеу Вашингтонның әскери белсенділігін өз ықпал аймағына төнген қауіп ретінде қабылдайды және мұндай әрекеттер әлемді жаңа текетіреске итермелейді деп есептейді. Сонымен қатар, бұл мәлімдемелер Ресейдің өзін көпполярлы әлемнің қорғаушысы ретінде көрсетуге деген талпынысын да аңғартады.

Еуроодақ: алаңдаушылық пен сақ үн

Еуропалық одақтың реакциясы бұрынғыдай ұстамды болды. Брюссель жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды сабырға шақырды. ЕО үшін басты басымдық — аймақтық тұрақтылық пен гуманитарлық салдардың алдын алу.

Алайда Еуроодақтың мәлімдемесінде нақты айыптаудан гөрі дипломатиялық тепе-теңдік басым. Бұл одақ ішіндегі көзқарастардың әркелкілігін көрсетеді: бір елдер АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті сақтауға мүдделі болса, енді біреулері халықаралық құқықтың бұзылуына көз жұма қарамау қажет деп санайды.

БҰҰ: диалогқа шақыру, бірақ ықпал шектеулі

Біріккен Ұлттар Ұйымы да жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді. Ұйым өкілдері қақтығыстың ушығуына алаңдап, тараптарды дипломатиялық жолды таңдауға шақырды. Дәстүрлі үндеу — бейбітшілік, келіссөз және халықаралық құқық нормаларын сақтау.

Дегенмен, бұл жолы да БҰҰ-ның нақты ықпал тетіктері шектеулі екені байқалды. Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето құқығы бар елдердің мүдделері түйіспей, ұйым көбіне бақылаушы рөлінде қалып отыр.

Бұл нені білдіреді?

АҚШ шабуылына берілген реакциялар әлемдік тәртіптің қаншалықты бөлшектенгенін көрсетеді. Бір тарап үшін бұл — "қауіпсіздікті қамтамасыз ету", екіншісі үшін — "халықаралық құқықты аяққа таптау". Қытай мен Ресей көпполярлы жүйені қорғау риторикасын күшейтсе, Еуроодақ екіұдай позицияда қалды, ал БҰҰ бұрынғыдай мәмілегер рөлін сақтауға тырысуда.

Бұл жағдай бір нәрсені анық аңғартады: әлемде бірыңғай ұстаным жоқ, ал күш қолдану барған сайын қалыпты құралға айналып барады. Мұндай үрдіс халықаралық қауіпсіздік архитектурасын әлсіретіп, жаңа дағдарыстарға жол ашуы мүмкін.

Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Таир Нигманов әлемдік ойыншылардың АҚШ шабуылына берген реакциясындағы алшақтық кездейсоқ емес екенін айтады. Оның сөзінше, Қытай мен Ресейдің айыптауы түсінікті, бірақ бұл қолдаудың шегі бар.

Түсінікті себептерге байланысты Қытай мен Ресей болған оқиғаны айыптады. Өйткені олар ұзақ уақыт бойы Венесуэланың одақтасы болып келді. Алайда соңғы айларда ахуалдың ушығуы, елдің теңіз арқылы оқшаулануы секілді жайттар аясында бұл елдер өз одақтасын тек саяси мәлімдемелермен ғана қолдауға дайын екенін көрсетті. Нақты қорғанысқа бармады, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл жағдай Қытай мен Ресейдің Венесуэла үшін АҚШ-пен тікелей қақтығысқа баруға дайын еместігін аңғартады. Яғни, геосаяси мүдде бар, бірақ оның шегі де бар.

Еуроодақ: бір одақ — бірнеше ұстаным

Таир Нигманов Еуропалық одақтың ішіндегі ала-құлалыққа да назар аударады. Оның айтуынша, Еуропада бұл мәселеге қатысты ортақ саяси ерік қалыптаспаған.

Еуропалық одақтың өз ішінде де бағалар қатты әркелкі. Мысалы, Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони бұл операцияны толықтай заңды әрі қорғаныс сипатындағы қадам деп атады. Ал Франция мен Испания АҚШ әрекеттерін айыптағанымен, бұл тек сөз жүзіндегі сынмен шектелді. Яғни, Еуропа елдерінің ешқайсысы АҚШ-қа қарсы санкция енгізгелі отырған жоқ, — дейді ол.

Ұлыбританияның ұстанымы да бөлек. Сарапшының сөзінше, Лондон мәселені құқықтық тұрғыда талқылауға дайын екенін білдіргенімен, Венесуэла билігіне жанашырлық танытып отырған жоқ.

Ұлыбританияда бұдан да байыпты, ұстамды ұстаным байқалды. Премьер-министр Кир Стармер операцияның заңдылығын әлі де талқылап, жан-жақты қарастыру керек екенін айтты, бірақ Мадуро режимі үшін “көз жасын төгудің” қажеті жоқ екенін де ашық білдірді, — деп атап өтті Нигманов.

Сарапшының пайымынша, осының барлығын жинақтай келгенде, Еуропаның сөз жүзіндегі бағалары нақты жағдайға айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ.

БҰҰ: риторикадан әрі аса алмай отыр

БҰҰ-ның рөліне қатысты Таир Нигманов бұл ұйымның ықпалы құрылымдық тұрғыда шектеулі екенін ашық айтады.

БҰҰ-да институттар көп болғанымен, шешуші рөл тек Қауіпсіздік кеңесіне тиесілі. Тек осы органның қабылдаған шешімдері міндетті күшке ие. Ал Бас Ассамблея секілді органдардың резолюциялары іс жүзінде ештеңені өзгертпейді: бұл тек елдердің көзқарасын білдіретін пікірлер жиынтығы ғана, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні — Қауіпсіздік кеңесіндегі вето құқығы.

Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің бірі — АҚШ. Егер осы бес елдің біреуі резолюцияға қарсы дауыс берсе, құжат қабылданбайды. Бұл БҰҰ құрылымының өзінен-ақ АҚШ-ты немесе кез келген тұрақты мүшені жазалайтын шешім қабылдау мүмкін еместігін көрсетеді, — деп түсіндіреді Нигманов.

Сондықтан сарапшының пікірінше, БҰҰ-ның қолынан келіп отырғаны — тек риторика. Бұл да ұйымның жиі сынға ұшырауына себеп.

Халықаралық құқық әлсіреп бара ма?

Жаһандық күштер балансына қатысты Таир Нигманов халықаралық құқықтың әлсіреп бара жатқанын ашық мойындайды.

АҚШ жақында ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялап, Батыс жарты шарды өзінің ұлттық мүдделер аймағы деп санайтынын ашық мәлімдеді. Ал өткен аптада бұл ықпалын ең қатаң тәсілдермен жүргізуге дайын екенін де көрсетті, — дейді ол.

Сарапшы бұл үрдісті тек Венесуэламен шектемейді. Оның айтуынша, Дональд Трамп әкімшілігі Данияға — Гренландия мәселесі бойынша, Колумбия, Мексика және Кубаға қатысты да қысым көрсету риторикасын күшейтіп отыр.

Өте қарапайым тілмен айтқанда, Трамп мұны жасады, өйткені оның оған мүмкіндігі болды және ол соны қалады, — дейді Нигманов.

Бұл жерде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жеке факторын да ескеруге болады.

Ол — кубалық эмигранттардың ұрпағы, коммунизмге жақын латынамерикалық режимдерді мүлде жақтырмайды. Бірақ түптеп келгенде, мәселе жеке тұлғаларда емес — мәселе халықаралық құқықтың әлсіреуінде, — дейді сарапшы.

Күш бар жерде — мүмкіндік бар

Таир Нигмановтың айтуынша, АҚШ-қа қарсы жаңа санкциялар енгізіледі деп күту шындыққа жанаспайды.

АҚШ-қа қарсы ешкім санкция салмайды, кем дегенде ықпалды ойыншылардың ешқайсысы. Әскери-саяси блоктардың күшеюі де екіталай — бәрі қазіргі қалпында қала беретін сияқты, — дейді ол.

Алайда бұл жағдай Латын Америкасындағы елдердің мінез-құлқына әсер етуі мүмкін.

Латын Америкасы елдері АҚШ-тың қазіргі әкімшілігіне қатысты әлдеқайда сақ, икемді бола бастайды. Бұл үрдіс бұрыннан бар, ал қазіргі оқиғалар оны күшейтті, — деп түйіндейді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы