Қытай автокөлігі: нарық пен қауіп
Қытай көліктері бүгінде Қазақстан нарығында ғана емес, әлемде де үлкен құбылысқа айналды. Олардың жедел таралуына: өндіріс ауқымы, технологиялық серпіліс, мемлекет қолдауы және тұтынушы талғамының өзгеруі сынды себептер де көп. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
18 жыл бойы көлікті сынақтан өткізіп жүрген авто сарапшы Алексей Алексеев қытай автопромының қазіргі деңгейін күтпеген серпіліс ретінде сипаттайды.
"Қазір тең дәрежеде бәсекелеседі"
Сарапшы бұрынғы жағдайды ашық айтты.
Бұрын біз қытай машиналарын сынағанда, ішінен бір жақсы жерін іздеп, “плюсын” табуға тырысатынбыз. Бірақ ол кезде олар Lada-мен ғана бәсекелес еді… Ал қазір олар заманауи ең үздік көліктермен тең дәрежеде бәсекеге түсіп отыр, – дейді Алексей Алексеев.
2009 бен 2024: өзгеріс тек көлікте емес
Алексеев 2009 жылы Chery зауытында, Шанхай автосалонында болғанын, ол кезде қытай өнімдері қызықсыз көрінгенін айтады.
Ал 2024 жылы сол аймаққа қайта барған кезде басқа Қытайды көрген.
Осы уақыт ішінде Уху қаласы ауылдан үлкен қалаға айналып, 3 миллион халқы бар мегаполиске өсіп кеткен. 24 метро станциясы пайда болыпты, – дейді сарапшы.
Олар электромобиль бағытын ерте таңдағн
Сарапшы қытайлар электромобильге кеш кірген жоқ деп отыр.
2009 жылғы Шанхай автосалонында Chery электромобильдердің толық линейкасын шығарып қойған. Олар болашақты сол кезде-ақ көрді, - деді ол.
33 миллион көлік – 33 миллион тәжірибе
Алексеевтің пікірінше, Қытайдың басты артықшылығы – нарық көлемінде болып отыр.
Қытай жылына 33 миллион көлік сатады… АҚШ 10–12 миллион, Еуропа 10 миллион шамасында, - деп түсіндірді сарапшы.
Яғни кері байланыс та көп.
33 миллион көліктен келетін кері байланыс, пікір, тәжірибе.
Сарапшы 2009 жылы Chery вице-президентінен естіген сөзін есіне алды.
"Біз алдымен көп көлік шығарамыз, қауіпсіздігін кейін ойлаймыз" деген екен.
Бірақ қазіргі жағдай мүлде бөлек екенін алға тартты.
Әлемдегі ең ірі автокөлік қауіпсіздігін зерттейтін орталықта болдым, күніне 4 көлікті ашып зерттейді, 60 манекені бар, – дейді авто сарапшы.
Пандемия әсері және еуропалық кадрлар
Алексеев "қытайлық жаңа келу феномені" пандемияда қатты үдегенін атап өтеді. Себебі өндіріс циклі түгел өздерінде болған.
Олар бос отырған еуропалық инженерлердің, дизайнерлердің, әзірлеушілердің тұтас командаларын сатып алды. 2022 жылдан бастап олардың өнімін көрдік: еуропалық өнімнен еш айырмасы жоқ, - деді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы халықтың ойындағы күмәнді жоққа шығармады.
Біздің есімізде бір рет киіп тастайтын қытай кроссовкалары қалған, "қытай сапасы" деген сөзге тырнақша қоятынымыз бар, - деп ағынан жарылды Алексеев.
Бірақ бүгінгі өнімді басқа деңгей деп бағалайтынын жасырмады. Қазір келіп тұрған өнім мүлде басқа, өзге көліктерден кем емес дейді ол.
Кепілдік пен баға
Сарапшы өзі де қытай көлігін мініп жүргенін айтты.
Өзім қытайдың екінші көлігін алып отырмын… өмірлік кепілдік бар, - деп бөлісті Алексей Алексеев.
Айтуынша, кепілдіктің өзі көп нәрсені білдіреді.
BMW сияқты немістер 2 жыл кепілдік береді, қытайлар 5–7 жыл береді, - деді ол.
Ал баға туралы баға соғысы жүріп, кейін бағаны түсіргенін атады.
Сервис пен бөлшек: ресми нарық пен "сұр нарық" айырмасы
Сарапшы сервистік қызмет тек ресми сатылатын көліктерде толық болатынын алға тартты.
Ал бөлшектің кешігуі бүгінде көп брендке ортақ құбылыс.
Неміс көлігіне де бөлшек керек болса, Германиядан келеді… Қытайдан да уақыт алады, - дейді ол.
Ал "сұр нарықтағы"көліктерге қауіп көптігін жасырмады.
Ол – “сұр нарық”… қызмет көрсететін адам да табыла бермейді, - дейді сарапшы.
Сенімділік: нақты жауапты уақыт береді
Сарапшы сенімділікке қатысты өз тәжірибесін мысалға келтірді.
Мен өзім екі жыл жүрдім, ештеңе болмады. Ақау болса ерте білінетін еді. Ақау бар болса, 10 мың шақырымға дейін-ақ көрінуі керек, - дейді Алексеев.
Дегенмен нақты жауапты уақыттың еншісіне қалдырды.
Қытайдың басты күші – фидбэк және жылдам өзгеріс
Алексеев тағы бір жайтқа тоқталды.
Олар кемшілікті дәл сол сәтте-ақ конвейердің үстінде түзете береді. Бір жылдың ішінде 5 рет өзгертілген нұсқасы шығып кетуі мүмкін, - дейді авто сарапшы.
"Тартымдылығы" - бағасында
Ал экономист Алдияр Саматов нарықты жаулаған қытайлық көліктердің "тартымдылығын" дөп басып айтты.
Жалпы, Қытай экспортқа шығып жатқан тауарларға қолдау көрсету, яғни субсидия беруді мемлекеттік саясат етіп ұстанып отыр. Сол арқылы Қытай автокөліктері арзан.Статистика бойынша арзан бюджеттегі көліктердің көшін сол қытайлық автокөліктер бастап тұр. 30-40%-ын алып отыр. Қазақстан бойынша алғашқы ондықта қытайдың 6 маркасы тұр. Халыққа қолжетімді болып отырғаны - сол қытайлық автокөліктер. Олардың нарықта көбеюі - арзандығында, - дейді экономист.
Қытай автокөліктерінің Қазақстанда және әлемде күшеюі – өндіріс ауқымы, технологиялық серпіліс әрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Дегенмен тұтынушы үшін басты сұрақ – ұзақмерзімді сенімділік пен кейінгі нарықтағы өтімділік, оны уақыт пен тәжірибе нақты көрсетеді.