Қытай АҚШ-ты ұлттық уақыт орталығына кибершабуыл жасады деп айыптады

Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі Америка Құрама Штаттарының барлау құрылымдарын, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік агенттігін (NSA), елдің ұлттық уақыт орталығының компьютерлік жүйелеріне кибершабуылдар жасады деп айыптады. Бұл туралы South China Morning Post (SCMP) басылымы жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрліктің мәліметінше, шабуылдар мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған, ұзақ мерзімді және жасырын сипатта болған.

АҚШ тарапынан жасалған бұл кибершабуылдар қоғамның қалыпты жұмыс істеу жүйесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін, – делінген ведомствоның хабарламасында.

Қытай тарапының дерегінше, NSA қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықтарды пайдаланып, ұлттық уақыт орталығы қызметкерлерінің кейбір шетелдік ұялы телефондарын бақылауға алған және олардың құпия деректерін ұрлаған.

SCMP мәліметінше, алғашқы шабуылдар 2022 жылдың наурызында басталып, 2023 жылдың сәуірінен бастап американдық барлау ұрланған құпиясөздерді пайдалана отырып, орталықтың желілік инфрақұрылымын зерттеген.

Сонымен қатар, Қытай министрлігі АҚШ барлау қызметі ҚХР-дың жоғары дәлдіктегі уақыт жүйесін бұзуға тырысқанын және бұл мақсатта АҚШ, Еуропа және Азия аумағында орналасқан виртуалды серверлерді пайдаланғанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы