Бүгiн 2026, 00:30 Фото: depositphotos.com

Қытай АҚШ-ты Кубаға қысымды тоқтатуға шақырды

АҚШ соңғы уақытта Кубаға қарсы санкцияларды күшейтіп, энергетика және қаржы секторларына шектеулер енгізген.

Қытай билігі АҚШ-ты Кубаға қатысты «қоқан-лоққы» мен күш қолдану саясатын доғаруға үндеді. Бұл мәлімдеме Вашингтонның Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға қатысты қылмыстық айып тағуынан кейін жасалды.

ВВС-дің хабарлауынша, АҚШ соты 94 жастағы Рауль Кастроны 1996 жылы Кубадан Флоридаға бағыт алған екі ұшақты атып түсіру ісіне байланысты америкалық азаматтардың өліміне әкелген қастандыққа қатысы бар деп айыптады. Бұл оқиға салдарынан төрт адам қаза тапқан.

Қытай СІМ өкілі Го Цзякунь Вашингтонды «күш қолдану және қысым көрсету тілінен бас тартуға» шақырып, Бейжің Кубаны берік қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ санкциялар мен сот жүйесін қысым құралы ретінде пайдаланбауы тиіс.

Куба тарапы бұл айыптауларды «саяси астары бар әрекет» деп бағалады. Ал Гавана мен Вашингтон арасындағы қатынас соңғы жылдары қайта шиеленісе түскен.

АҚШ соңғы уақытта Кубаға қарсы санкцияларды күшейтіп, энергетика және қаржы секторларына шектеулер енгізген. Бұл аралда электр тапшылығы мен азық-түлік мәселесін ушықтырған.

Қытай Кубамен 2014 жылдан бері ынтымақтастығын күшейтіп келеді және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырған.