Қытай әлемдегі барлық елді жаңғыртуға көмектесуге дайын - Си Цзиньпин
Қытай әлемнің барлық елінің модернизациясын жүзеге асыруға күш салуға дайын. Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин үшінші жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының ашылу салтанатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы Бейжіңде өтіп жатыр. Іс-шара 17 қазанда басталды.
Біз Қытайға ғана арналған оқшауланған жаңғыруды көздемейміз, бірақ көптеген дамушы елмен бірге жаңғыртуды жүзеге асыруға үмітіміз мол, - деді ҚХР басшысы.
Сидің сөзінше, әлемдік жаңғырту бейбіт дамуды жаңғырту, өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ гүлденуді жаңғырту болуы керек.
Қытай барлық тараппен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы серіктестігін одан сайын тереңдетуге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бірлескен құрылысын жоғары сапалы дамудың жаңа кезеңіне жылжытуға және әлемнің барлық елінің модернизациясын жүзеге асыруға тынымсыз күш салуға дайын, - деп айтты Си Цзиньпин форумда.
«Бір белдеу, бір жол» – Қытайдың Орталық Азияның, Еуропаның және Африканың 60-тан астам елін байланыстыратын халықаралық бастамасы. Бұл бастаманы ҚХР басшысы алғаш рет 2013 жылы Астанада Назарбаев университетінде ұсынған болатын.
Еске сала кетейік, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.