Бүгiн 2026, 10:46 Фото: freepik.com

Қытай 1 мамырдан бастап 53 елден келетін тауарларға баж салығын алып тастайды

Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеген.

1 мамырдан бастап Қытай билігі Африканың 53 мемлекетінен импортталатын өнімдерге кедендік баж салығын толық алып тастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Oxu.Az таратқан мәліметке сәйкес, бұл туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеген.

2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қытай Пекинмен дипломатиялық қатынасы бар Африканың барлық 53 еліне қатысты нөлдік тариф енгізу шараларын толық іске асырады, – делінген Си Цзиньпиннің Африка одағының төрағасы Жоау Лоуренсу мен Африка одағы комиссиясының басшысы Махамуд Али Юсуфке жолдаған құттықтау хатында. 

ҚХР басшысы Пекиннің жан-жақты экономикалық әріптестік жөніндегі келісімге қол қою бағытындағы келіссөздерді де жандандыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Бұл қадам Африка елдерінің дамуын ынталандыруға және олардың тауарларының Қытай нарығына шығуын жеңілдетуге бағытталған. Сондай-ақ ол Африкадан жеткізілетін өнімдерге арналған «жасыл дәліздің» жұмысын жетілдіруге уәде берді.

Қытайдың Бас кеден басқармасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай мен Африка елдері арасындағы тауар айналымы 17,7 пайызға өсіп, 348,05 миллиард долларды құраған.