Кеше 2026, 23:54 Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қысқы Олимпиада және Паралимпиадада үздік ондыққа енген спортшылар марапатталды

Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен 2022-2026 жылдардағы қысқы олимпиадалық цикл қорытындысына арналған кеңейтілген жиын өтті. Іс-шарада халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды.

Жиын барысында XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиадада үздік ондыққа енген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ведомстволық наградалар табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022-2026 жылдардағы қысқы олимпиадалық цикл Қазақстан үшін тарихи кезең болды. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде отандық спортшылар тарихи нәтижелерге қол жеткізді.

Қысқы Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орынды иеленді. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров алтын медаль олжалап, ел тарихында осы спорт түрінен Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы атанды. Осылайша Қазақстан кейінгі 32 жылда қысқы Олимпиадада алғашқы алтын медаліне ие болды.

Паралимпиадада Қазақстан құрамасы 55 елдің ішінде 18-орынға тұрақтады. Ербол Хамитов пара биатлоннан – алтын, пара шаңғы жарыстарынан қола медаль жеңіп алды. Оның жеңісі Қазақстан тарихында пара биатлоннан алғашқы алтын және бір спортшының қысқы Паралимпия ойындарында бірден екі медаль жеңіп алған ерекше жетістігі ретінде есте қалды.

Сонымен қатар бірқатар отандық спортшылар Олимпиада және Паралимпиадада үздік ондыққа еніп, ұлттық құраманың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

II "Достық" орденімен жасөспірімдер арасындағы бес дүркін әлем чемпионы Кристина Шумекованың алғашқы жаттықтырушысы марапатталды.

Конькимен жүгіру спортынан аға жаттықтырушыға спорт түрін дамытуға және жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға қосқан үлесі үшін "Құрмет" ордені берілді.

"Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен шаңғымен тұғырдан секіруден бас жаттықтырушы, фристайл-акробатикадан бас жаттықтырушы, фристайл-могулдан бас жаттықтырушы, "Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының" қызметкері, пара шаңғы жарыстары мен пара биатлоннан кеңесші жаттықтырушы және Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының медбикесі марапатталды.

"Құрметті спорт қызметкері" төсбелгісі мәнерлеп сырғанаудан, конькимен жүгіруден, шаңғымен тұғырдан секіруден, шорт-тректен, фристайлдан, сондай-ақ пара биатлон мен пара шаңғы жарыстарынан Олимпиада және Паралимпиадаға қатысқан спортшыларға берілді.

Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасы фристайл-акробатикадан кеңесші жаттықтырушысына, "Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының" қызметкеріне, Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының қызметкеріне және жоғары нәтижелері, соның ішінде 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында көрсеткен көрсеткіштері үшін ұлттық құрама спортшыларына табысталды.