Қысқа дайындық: Қазақстанда 38,7 млн тонна мал азығы әзірленді
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы қысқы қорада ұстау кезеңіне дайындық аясында мал азығын жинау жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 38,7 млн тоннадан астам азық дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің 93,7 пайызына тең.
Атап айтқанда, 26,4 млн тонна шөп, 2,3 млн тоннадан пішендеме, 2,3 млн тонна сүрлем, 4,3 млн тонна сабан және 3,4 млн тонна құрама жем әзірленді.
Қысқы кезең басталғанға дейін жалпы 25,7 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланған.
Шөп дайындау жоспарының артығымен орындалуы қосымша қор қалыптастыруға және қолайсыз ауа райы жағдайында мал шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Мониторинг жұмыстары мал шаруашылығы нысандарын қажетті азық қорымен қамтамасыз етуге бағытталған.