Қыш өнерін дамытып, шәкірт тәрбиелегім келеді – шебер
Ақтөбе облысында өңірдің мәдениеті мен өнеріне өз үлесін қосып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі — Орынбасар Төлегенов, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Орынбасар Төлегенов — қыштан мүсін жасаудың шебері. Бала кезінен осы өнерге ықыласы ауып өскен шебердің болашақта қыш өнерін дамытатын шәкірттер тәрбиелесем деген ойы бар. Біз Орынбасар Жақсыбайұлын әңгімеге тартқан едік...
Бүгінде облысымызға танымал қолөнершілердің бірісіз. Әсіресе, қыштан бұйым жасайтын шеберлер жоқтың қасы. Бұл өнерге қалай келдіңіз? Өзіңіз қызығушылық таныттыңыз ба, әлде ата-анаңыздың ықпалы болды ма?
-Бұл өнерге бет бұруымның себебі, мен жастайымнан әкемнің жанында жүріп, осы өнердің қыр-сырын үйрендім. Әкем Жақсыбай Төлегенов белгілі мүсінші, шебер. Сондықтан әке жолын қуғым келді. Әрі бойымдағы ерекше дарындылықты байқаған әкем менің осы өнерді таңдауымды қалады. Сөйтіп мен 2001 жылы Ташкент қаласындағы Камолиддин Бехзод атындағы ұлттық сурет және дизайн институтына түстім. Оқу орнын 2005 жылы «қыш шебері» мамандығы бойынша аяқтап, сол жылы ата-ана, бауырларыммен бірге Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан Ақтөбеге көшіп келдік. Содан бері осы қалада тұрып жатырмын.
Осы күнге дейін түрлі халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға, көрмелерге қатыстым. Облыстағы Тама Есет батыр мемориалды кешенінің, Есет батырға арналған мұражай экспозициясының авторымын, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан музейін де жабдықтауға атсалыстым. Қазақстан Қолөнершілер Одағының мүшесімін.
Өзіңіз айтқандай, әкеңіз мүсінші екен. Ол кісіге бұл қабілет кімнен дарыған? Қандай мүсіндері бар? Екеуіңіздің бірге жасаған мүсіндеріңіз бар ма?
— Менің үлкен атам қолөнерші болған екен. Теріден, ағаштан түрлі мүсіндер, бұйымдар жасапты. Ол кісінің ұсталығын танытқан — «ортеке» аспабы. Саусаққа iлiнген жiп арқылы ағаш ортеке домбыра ойналғанда ойнақтап билейді екен. Осы үлкен атамыздың қасиеті қонса керек, менің әкем қолөнерге ерекше мән беріп, бет бұрған. Әкем Жақсыбай Нөкіс қаласындағы жалғыз қазақ мүсінші болды. Ол кісі жалпы жүзден астам туындының авторы десем де болады. Ол бұрынғы Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің қолынан «Даңқ» медалін де алған. Міне, әке жолын қуған мен осы өнерді әрі қарай дамытуды мақсат еттім. Шүкір, осы өнерді жаныма серік етіп, 20 жылдай уақыттан бері қыштан түрлі бұйым жасап, өңірдегі мәдениет саласына өз үлесімді қосып келемін.
Осыдан он шақты жыл бұрын әкемнің жасаған бірнеше мүсіні Ақтөбе қаласындағы гүлзарларға қойылған болатын. Олардың қатарында «Көрісу» деп аталатын мүсіні бар. Сондай-ақ менің «Дана ой» аталатын ақсақал қарттың бейнесін жасаған мүсінім де сол гүлзарға қойылған еді. Осы мүсін жасауда әкемнің де үлесі зор. Негізі, өнерде тәжірибе көп болған сайын жасаған бұйымың да әсерлі, кемшіліксіз шығады. Сондықтан кей сәттері әкемнен кеңес алып отырамын. Осы тұста айта кету керек, мен осы «Дана ой» мүсінін жасағаным үшін сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың марапаттауымен «Жас мүсінші» номинациясын жеңіп алғанмын. «Дана ой» — менің осы қалаға келгенде жасаған алғашқы ірі туындым. Одан кейін Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай «Үміт» деп аталатын мүсінді жасадым. Бұл мүсін негізі ұсыныспен жасалған туынды десем де болады. Ырғыз ауданындағы Құмтоғай елді мекенінде тұратын кәсіпкер, белгілі азамат Хамит Өтеуұлы маған арнайы келіп, ұсыныс жасаған еді. Содан 2010 жылы осы мүсінді жасап шықтым. Бетоннан жасалып, қоламен боялды. Биіктігі — 2,5 метр, тұғыры — 50 см. Мүсін сол елді мекендегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш тақталардың алдына орнатылды. Бұлармен қатар «Ару ана» деп аталатын туындым да «дүниеге келді». Оның биіктігі тұғырымен қоса алғанда 2 метр болады. Бұл — көп еңбекпен, ұзақ уақыт жасаған мүсінім.
Сондай-ақ 2021 жылы әкем екеуміздің бірігіп жасаған екі ескерткішіміз облыста көпшіліктің көз қуанышына айналды. Оның бірі граниттен жасалған Ақтөбе қаласындағы «Ғашықтар» гүлзарына қойылған Төлеген Айбергеновтің ескерткіші болса, екіншісі — Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылына қойылған Темірбек Жүргеновтің бюст мүсіні.
Тамаша! Былтыр, биыл қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз? Қазір қандай бұйымдар жасап жатырсыз?
Індет кезінде біздің жұмысымыз тоқтап қалды деуге болады. Көп жерге шыға алмадық. Өткен жылы карантиннен шыққан соң ғана жұмысымызды жалғастырдық. Былтыр жаңа эскиздер, модельдер жасап шығардым. Сол бойынша әлі күнге дейін үзіліссіз жұмыстанып жатырмын. Қазір кәдесыйлар үлкен сұранысқа ие, сондықтан осы бұйымдарды жасауға ерекше ден қойып жатырмын. Олардың қатарында жануар, адам кейпіндегі бұйымдар бар.
Былтырғы менің ауыз толтырып айтарлықтай жетістігім — «Үздік экспозиционер» атағын алуым болды. Өткен жылы өңірде ұйымдастырылған «Рухани қазына-2022» іс-шарасында осындай номинацияға ие болдым. Бұл да менің жасап жатқан жұмысымның еленгені деп білемін. Жалпы, қазір мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспозициялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеймін. Ол жерде басқа облыстардан, шет елдерден, басқа да мұражайлардан келген экспозицияларды жасақтаймыз. Мәселен, жуырда облысымызға орталық мұражайдан экспонаттар келіп, соларды музейге қойып, жасақтап шықтық. Ал 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күнінде облыс орталығындағы Тұңғыш Президент атындағы демалыс саябағында өткен шеберлер көрмесінде ұлттық өнерімізді насихаттауға өз үлесімізді қостық. Қала тұрғындары мен қонақтары біздің жасаған бұйымдарымызды көріп, кейбіреулер кәдесыйларымызды сатып алды.
Бір туындыңызды жарыққа шығару үшін қанша уақыт кетеді? Қыш бұйымдарын жасау үшін шикізатты қайдан аласыз?
Қолөнер — өте күрделі өнер. Оған шыдамдылық, шеберлік, ұқыптылық керек. Жалпы, мен уақытпен жұмыс істемеймін. Көңіл күйің, жұмыс жасауға жағдайың болмаса, туынды өз ойлағаныңдай шықпайды. Егер көңіл-күйің көтеріңкі, шабытың шалқып отырған тұста жұмысты бастасаң, бір күнде бірнеше мүсін жасауға болады.
Ал шикізатқа келсек, қыш бұйымдарын жасау үшін балшықты бұрын суы болған, қазір тартылып қалған Заречный ауылы маңынан, сондай-ақ Ақтөбе хром қосындылары зауыты жағындағы керамзит зауытының маңынан аламын. Негізі, саз балшық табиғи материал болғандықтан, оның құрамы таза болып келеді, отқа төзімді. Сондықтан балшықты барынша зерттеп, құрамын тексеріп барып аламын. Қандай қыш шебері болсын, жасайтын бұйымының шикізатын барынша зерттеп алғаны жөн. Себебі балшықтың құрамы дұрыс болмаса, ол бұйым жасаған кезде жарылып кетеді. Қазір кәдесыйлардың денін қыштан, бетоннан, гипстан жасап жатырмын. Былтыр және биыл 50-ге жуық бұйым жасап, қазір олардың санын көбейтудемін. Бұған дейін кәдесыйлармен қатар ру таңбаларын да жасағанмын. Ондағы мақсатым — бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақтың тарихқа, шежіреге деген көзқарасын тереңдету, ру атаулары мен таңбаларын біліп жүрсін деген ойым. Үш жүздің барлық ру таңбаларын бейнеледім. Бұл таңбаларды жасау үшін біраз уақыт керек. Алдымен саз кесегін әуелі ұнтақтап, сумен жібітіп, балшыққа айналдырамын. Одан кейін балшыққа кварц құмы мен қамыс қоғасын қосып, қоспа дайындаймын. Сол қоспадан мүсін жасалады. Балшық кепкен соң 900 градуста күйдіріледі. Балшықтың түсі өзгереді. Соңынан қалаған реңкке бояймын. Көбіне жылтыр, ангоп бояуларды жиі қолданамын.
— Жеке шеберханаңыз бар ма? Жалпы, өңірде сіз сияқты қолөнершілерге жағдай жасалған ба?
— Қазір жеке шеберханам жоқ, бұйымдарымды үйде, кейде жұмыс кабинетімде отырып жасаймын. Былтыр облысымызда белгілі зергерші, қолөнерші Болат Атыраубаевтың бастамасымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қолөнершілер қауымдастығы құрылды. «Sheber Art Aktobe» аталатын қауымдастық құрамында бүгінде алпысқа жуық шебер бар. Болашақта осы қауымдастықтың атсалысуымен облыста шеберлер орталығы ашылады деген үміттеміз. Егер осындай орталық ашылса, өңірде барлық шеберлердің бір мекемеге жиналып, жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі деп ойлаймын.
Соңғы кезде елімізде ұлттық өнерді насихаттау, дәріптеу жағы едәуір дамып келеді. Еліміз бойынша бүгінде қаншама қолөнер шебері бар. Егер сол өнерлі жандардың дамуына, өз қолымен жасаған бұйымдарын өзге өңірлерге, шет елдерге танытуына мүмкіндік жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тұрғыда бүгінде Ақтөбе облысында әлі де олқылықтар көп. Мәселен, облысқа жан-жақтан келетін қонақтарға біздің бұйымдарымыз ұсынылса, олар ойланбай-ақ сатып алар еді. Ол үшін біздің қолымыздан шыққан дүниелер туристік орталықтарға, көпшілік орындарға қойылуы керек. Мәселен, қазір Ақтөбе қаласындағы «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында Қытайдан, басқа да шет елдерден келген бұйымдар сатылып жатыр. Егер сол жерде жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдары сатылып, жұмыстары насихатталса, игілікті іс болар еді. Міне, осы сияқты жүйелі жұмыстар жүргізілсе, жергілікті қолөнер шеберлері әлемге танылады.
— «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, болашақта балаларыңыздың бірі сіздің жолыңызды қуып, қыш өнерін үйреніп, дамытамын десе, не дейсіз? Жалпы шәкірт тәрбиелеу жоспарыңызда бар ма?
— Кез келген өнер адамы шәкірт тәрбиелегісі келеді. Сол сияқты мен де қыш өнерін жастарға үйретіп, осы өнерді насихаттайтын ұл-қыздарды тәрбиелеп шығарсам деймін. Дегенмен бұған әзірге мүмкіндік болмай отыр. Егер облысымызда шеберлер орталығы ашылса, бұл игілікті істі жүзеге асыруға болады.
Ал балаларыма келсем, отбасында зайыбым екеуміз үш ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Бес баланың ішінде үшінші ұлым — Әнет Жақсыбаев қолөнерге ерекше қызығады. Қазір балама бар білгенімді үйретіп, әкелік қамқорлығымды жасап жатырмын. Болашақта балам ата, әке жолын қуса, әрине, қуанамын.
Сөз соңында айтарым, қазақтың төл мәдениетін, өнерін, оның ішінде қолөнер саласын дамыту — мен үшін үлкен абырой, мақтаныш. Және осы жұмысым өзіме ерекше ұнайды. Өнер қашан да құнды, өнер сатылмайды. Егер қолөнершілер өз бұйымдарын сатса, оның қаржысы шикізатқа, қажетті материалдарға жұмсалады. Мен мұны үнемі балаларыма айтып отырамын.
— Әңгімеңізге рақмет!