Қыс қыр астында. Павлодардағы жылу электр станциясының жағдайы қалай
Павлодар қаласының 40%-ын жылумен қамтитын бірінші жылу электр станциясында жылу маусымына дайындық аяқталуға жақын. Десе де, нысан штатты режимде өз қызметін толық атқару үстінде, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қазір дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі пысықталуда. Станция директоры Дулат Сыздықовтың айтуынша, 60 жылдық тарихы бар кәсіпорында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Бұл тұтынушыларды жылу энергиясымен тұрақты қамту үшін жеткілікті.
Негізгі жабдықты жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жыл сайын тұрақты жүргізіледі. Өткен жылды апатсыз өткіздік. Дегенмен, биыл жылу желісінде бір ақау анықталып, облыс орталығының бір бөлігі жылудан уақытша ажыратылды. Құбырдағы ақауды жөндеуге үш сағат жұмсадық. Қазіргі уақытта жұмыс реттелді. Осы тектес жағдайларды болдырмау мақсатында ауқымды жөндеу науқанын қолға аламыз. Биыл станциясының негізгі элементтері, нақтырақ айтқанда, екі туробагрегат пен бір қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтті. Екінші қазандық агрегатын жөндеу инвестициялық баңдарлама шеңберінде жүзеге асырылды. Осылайша, жабдықтың тозу көрсеткіші 0,6%-ға төмендейді, - дейді станция директоры Дулат Сыздықов.
Дәл қазір тағы бір қазандық агрегатында кеңейтілген ағымдық жөндеу қолға алынған. Бұл – соңғы кезең. Айта кетейік, станция қаланың Оңтүстік бөлігін жылумен қамтиды. Жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданы да осы станцияға тиесілі. Қуаттылықты арттыру мақсатында бойлерлі жабдық қалыпқа келтірілді.
Мамандардың айтуынша, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамту үшін көмір қоры дайындалды. Қазіргі уақытта 180 тонна қатты отын мен 834 тонна мазут сақтаулы. Бұл норативтік көрсеткіштен айтарлықтай көп.