Қыс қаһарлы. АШМ-ның не ойлағаны бар?

Биыл қыс жылдағыдан өзгерек. Қақырығың жерге түспес қаңтарда қардың беті жылпылдап жатты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Биыл – қоян жылы. Қарапайым халық ежелден қоян жылынан іш жиып қалған. Ел тарихына белгілі бірнеше жұт осы жылға тұспа-тұс келген деседі. Мысалы тарихта «жалпақ қоян» жұты – 1867-1868 жылдары, "үлкен қоян" жұты – 1879-1880 жылдары, "кіші қоян" жұты – 1891-1892 жылдары, "тақыр қоян" жұты – 1915-1916 жылдары орын алып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел аштыққа ұшыраған екен.

«Үлкен қоян жұты» атанған 1879 жыл елді сансыратып кеткені белгілі. Ол кезде Оралда – 80 пайыз, Ырғыз бен Торғайда – 59 пайыз, Сырдарияда 56 пайыз мал қырылғаны айтылады.

Қоян жаратылысынан бірнеше түрге бөлінеді. Қарлы өңірдің – ақ қояны, орманды өлкенің – қара немесе ор қояны, құмның, жазықтың – сұр қояны т.б. дегендей. Ал табиғи құбылыста қоян түрі екеу-ақ. Бірі – ақ қоян, бірі – қара қоян. Қайсысы болса да адамға да малға да жайлы бола қоюы екі талай. Ел тарихындағы ең елеулі оқиғалар да осы қоян жылы болған екен. Мысалы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» оқиғасы, 1951 жылғы Семей полигонындағы алғашқы сынақ та қоян жылына сәйкес келіп тұр.

Дала философиясына негізделген көшпенділер көзімен және астрономиялық болжаммен қарар болсақ биыл – қара қоян жылы. Көп болжамдар бойынша қара қоян жылы аса қатал бола қоймайды деседі. Оның үстіне биылғы қоян жылы су стихиялы жыл деп есептелген.

Бұл келтірген мәліметтер – қоян жылына қатысты қысқаша түсінік. Айтпағымыз басқа. Осы қоян жылы басталмай жатып тосын мінез танытты. Қаңтарда халық қар күтіп отырса, +2 градусқа дейін жылынып, күтпеген жерден жаңбыр жауды қазақ даласында. Артынша 9 қаңтардан бастап аяз қысып, кей жерлерде сынап бағаны -45 градусқа дейін жетті. Ал таулы өлкелердегі қардың қалыңдығы 1 метрге таяды.

Баяғы Кеңес өкіметінің тұсындағыдай мал мен басты өкімет өзі бағады дейтін емес, қазіргі жекеменшік мал баққан халық үшін бұл өте үлкен соққы деуге болады. Себебі әуелгі жауған қысқы жауын бірінші - қардың бетін қатырды, екінші - қары жоқ жердің қылтанына мұз боп қатты. 

Еліміздің шығысы - Үржар, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан т.б. өңірлері мен Арқа даласы ат көтеретін қарға кездесті. Бұл – ең әуелі өз нәпақасын өз аяғымен тауып жейтін жылқы малы үшін үлкен шығын болуы мүмкін. Қыстың басындағы жағдай осындай, ал көктемнің көкөзегіне жеткенше әлі бақандай екі-үш ай бар.

Амалсыз жылқыны қораға алып келдік. Қар масқара, енді. Тіпті Уазик машинаны көтеретін болған. Әзірге қолда бар азын-аулақ шөпті беріп күнелте тұрамыз. Басқа істейтін амал да жоқ. Күннің көзі ашылса, трактормен тебін ашып беріп, бір амал жасамасақ, басқасын білмей қалдым – дейді шаруашылық иелері.

Бұл – ауылдағы ағайынның жағдайы. Енді Ауылшаруашылық министрлігінің дерегіне көз салайық.

Маңғыстау халқымен кездесу кезінде АШМ вице-министрі Әбілхайыр Тамабек биыл еліміз бойынша мал шаруашылығы саласына өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе көп қаражат бөлінгенін атап өткен болатын.

Биыл бұл салаға 706,7 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 330 ауыл шаруашылығы кәсіпорны субсидия алса, қаражаттың көп бөлігі жемшөп құнын арзандатуға жұмсалған 2023 жылға 369,7 млн теңге сомасына құрама жем субсидияларына 273 өтінім келіп түсті – деді вице-министр.

Өздеріңіз көріп отырғандай, қаржы бар. Бірақ қаржы көп екен деп қар өз-өзінен еріп кетпейтіні анық қой. Сол себепті де қазіргідей қымбатшылық заманда қолындағы азғана малымен жансақтап отырған қарапайым халыққа қыстан шығу үшін көмек берілуі керек секілді. 

Әрине, Үкіметтің малшыларға жем-шөп бере қояр қоры жоқ, бірақ өз күнін өзі көріп отырған отандық өндірушілерге көмек беру міндеті еме пе?!

Статистикалық мәліметтерге қарағанда 2022 жылы еліміз 8 530928 сиыр, 19 630620 қой, 2 331609 ешкі, 3650744 жылқы, 260487 түйе санатқан. Бұл көрсеткіш елдегі мал басының біршама өскенін көрсетіп отыр. Алайда биылғы жағдай осы санды біраз кемітіп кете ме деген қауіп бар.

Биылғы қыс оңай болмайтын түрі бар. Алда 45-50 градус аяз болады дейді. Мұндайда ата-бабаларымыздың мал қыстату тәжірибесіне сүйенгеннен басқа жол жоқ. Әсіресе қамысты, шилі өңірлерге отарлау керек. Сол кезде жылқы тебінді ашса, басқа мал сол тебінге жайыла алады. Әрі шилі, қамысты жерлерде қар аса қатты қатпайды – дейді белгілі жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан. 

Қалай десекте «қамданған қапы қалмайды» дегендей, биыл қыстан мал басын аман алып қалудың қамы бәрінен маңызды болса керек. Малмен күн көрген жұрттың жұттан зардап шегуі еліміздің тамақ өнеркәсібіне де, экономикасына да үлкен соққы болары сөзсіз. АШМ-ның не ойлағаны бары, не жоспары бары әзір бізге белгісіз. Үкіметте мал жоқ, қара халық өз күнін өзі көрсін деп үнсіз жата бере ме?!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы