«Қыс» оқу-жаттығуында қазақстандық арнайы жасақ жоғары дайындық деңгейін көрсетті

Түркияның Карс провинциясындағы «Ақбала» полигонында «Қыс-2023» көпұлтты жауынгерлік оқу-жаттығу өтті. Жаттығулардың белсенді кезеңіне Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы «Қыс» оқу-жаттығуына Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Грузия, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның әскери контингенттері жұмылдырылды.

 – Оқу-жаттығуға Түркия Республикасының Құрлық әскерлері 
9-корпусының қолбасшылығы үйлестіруші болды. Іс-шаралар басқару органдарының үйлесімділігін, жауынгерлік даярлық деңгейін және жеке құрамның далалық дағдыларын арттыруға ықпал етті. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері тактикалық-арнайы даярлықтың жоғары деңгейін көрсете отырып, қойылған тапсырмаларды толық көлемде орындай алды, – деп қорытындылады генерал-майор Асан Жүсіпов.

Оқу-жаттығуда қазақстандық жасақ арнайы операцияларға қатысты. Бұл ретте тактикалық эпизодтар елді мекенде және тау бөктерінде пысықталды.

Бірлесіп әзірленген жоспар бойынша армиялық авиацияның қолдауымен арнайы күштердің әуе десантын түсіруі жүзеге асырылды. Жерде ғимаратқа кіру, шартты қарсыласты жою, жаралыларға көмек көрсету және тікұшақтармен эвакуациялау шаралары пысықталды. Іс-қимылдардың бәрі Түркияның солтүстік-шығысындағы тау бөктерінде төменгі температура жағдайында пысықталды.

Түрік тарапы оқу-жаттығуды екі жылда бір рет қыста ұйымдастырып тұрады. Бұл өз кезегінде қару-жарақтың, әскери техниканың жаңа үлгілерін сынауға және олардың атыс мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әскерлердің жауынгерлік дайындық деңгейі тексеріледі. Басқару органдарын, армия корпусын, құрамаларын, әскерлердің көпұлтты топтарын, бөлімдері мен бөлімшелерін үйлестіру мәселелері пысықталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы