Қыркүйектен бастап кімнің мобильді аударымы тексеріледі?

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап екінші деңгейлі банктер жеке азаматтардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты салық органдарына бере бастайды. Бұл өзгеріс кімдерге қатысты және қандай жағдайда іске асады? Экономист Бауыржан Ысқақ түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қыркүйек айынан бастап банктер азаматтардың мобильді аударымдары жөніндегі деректерді салық органдарына тапсырады. Бұл үдеріс үш негізгі критерийге сүйене отырып жүзеге асырылады, – дейді экономист.

Оның айтуынша, салық органдарының тексерісіне ілігу үшін келесі үш шарттың бәрі орындалуы керек:

  1. 100-ден астам адамнан аударым түсуі;
  2. Бұл аударымдардың 3 ай қатарынан қайталануы;
  3. Жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асуы.

Қарапайым мысалмен айтсақ, сіз торт пісіріп сатумен айналысасыз делік. Тапсырыстар көбейіп, 100-ден астам адам ай сайын сізге 10–15 мың теңгеден ақша аударады. Егер бұл үш ай қатарынан қайталанып, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асып кетсе, салық органдары міндетті түрде сіздің есепшотыңызды тексереді, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Маманның айтуынша, мұндай жағдайда салық органдары түсініктеме талап етіп, табыс көзіңізді дәлелдеуді сұрайды. Егер бұл кәсіптік қызмет екені анықталса, азаматқа бір ай ішінде заңды түрде тіркеліп, жеке кәсіпкер ретінде есеп ашу ұсынылады.

Сізге ИП ашу, арнайы бизнес-шот ашу ұсынылады. Осы талаптарды орындасаңыз, айыппұлдан құтыласыз. Ал егер мұндай жағдай қайталана берсе, болашақта айтарлықтай айыппұлдар салынуы мүмкін, – деп ескертеді экономист.

Сонымен қатар Бауыржан Ысқақ туыстар арасындағы қарапайым ақша аударымдары, студенттерге жіберілетін қаражат немесе сыйлық түріндегі бір реттік көмектер бұл талаптарға жатпайтынын да атап өтті.

Егер туған-туысқандарыңыздан келген қаражат 1 миллион теңгеден аспаса және жоғарыда аталған үш критерийге сай келмесе, ешқандай да салық органдары тексеріс жүргізбейді, – дейді ол.

Сөзінің соңында экономист азаматтарға жеке және кәсіби есепшоттарды бөліп жүргізуге кеңес берді.

Шетелдердегідей жүйеге көшу керек: алдымен салықты төлеп, содан кейін алаңсыз жұмыс істеу мәдениеті қалыптасуы қажет. Бұл – дұрыс қадам. Себебі мемлекеттің негізгі тірегі – салық, – деді Бауыржан Ысқақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы