Қыркүйекте Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына валюта сатылды
Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламаны Ұлттық банк таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Теңге бағамы қыркүйек айының қорытындысы бойынша 1 АҚШ доллары үшін 481,11 теңгеге дейін 0,1%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 210 млн АҚШ долларынан 221 млн АҚШ долларына дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 45 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40%-ға дейін ұлғайту мақсатында қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алу операциясын жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 11%-ын құрады.
Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банк шілдеде Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтың бейтарап қағидатын сақтап, осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық Банк шілде айының ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.
Аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі қыркүйекте 241,5 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы қазанда 240 млн АҚШ долларынан 260 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде алтын-валюта резервтерінен валюта сатып алу күтілуде, - делінген хабарламада.
Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы қазанда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1,3 млрд АҚШ долларынан 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.
2024 жылғы қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 850 млн АҚШ долларынан 950 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу жоспарда бар.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді көздейді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.