17 Тамыз 2026, 13:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қыркүйекте Қазақстанда ауа райы қандай болады?

Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы тамызбен салыстырғанда 5-7 градусқа төмендейді. Дегенмен айдың жекелеген күндерінде ауа 32-38 градусқа дейін жылынуы мүмкін.

Қыркүйек – күздің алғашқы айы. Климаттық көпжылдық деректерге сәйкес, ай ішінде Қазақстанның барлық өңірінде ауа температурасы біртіндеп төмендейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазгидромет болжамынша, елдің басым бөлігінде қыркүйектегі орташа температура +8+15°C, ал батыс және оңтүстік өңірлерде +16+21°C шамасында болады. Іле Алатауының таулы аймақтарында ауа температурасы орта есеппен +3+8°C аралығында қалыптасады.

Ай ішінде тәуліктік орташа температура әр күн сайын шамамен 0,2-0,3 градусқа төмендейді. Оңтүстік облыстарда орташа тәуліктік температурасы +20°C және одан жоғары күндер саны әдетте 10-15 тәулікті құрайды. Солтүстік өңірлерде мұндай күндер орта есеппен 1-2 тәулік болады.

Қыркүйекте күн қайтадан ысып кетуі мүмкін

Күз басталғанымен, қыркүйектің кейбір күндері Қазақстанда әлі де ыстық болуы ықтимал. Ел аумағының басым бөлігінде абсолюттік максимум +32+38°C-қа дейін жетуі мүмкін. Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы +33+35°C, ал Іле Алатауында +19+25°C-қа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар айдың алғашқы жартысында Қазақстанның басым бөлігінде үсік жүруі мүмкін. Оңтүстік облыстарда алғашқы үсіктер көбіне айдың соңында байқалады.

Топырақ бетінде үсік жиі әрі қарқынды болуы ықтимал. Абсолюттік минимум көптеген облыстарда -10-14°C, ал республиканың оңтүстігінде -6-10°C-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Қай өңірлерде күз ертерек сезіледі?

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында тәуліктік орташа ауа температурасының +10°C-тан төмен тұрақты өтуі қыркүйектің екінші онкүндігінің соңында байқалады.

Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында бұл кезең қыркүйектің үшінші онкүндігіне келеді. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында +10°C шегінен өту айдың соңында байқалады.

Ал оңтүстік өңірлерде бұл кезең қазан айына қарай ығысады.

Жауын-шашын азаяды

Қыркүйекте тамызбен салыстырғанда жауын-шашын мөлшері жалпы азаяды. Бұл ауа температурасының төмендеуіне байланысты ауадағы ылғал мөлшерінің азаюымен түсіндіріледі.

Жауын-шашынның қарқындылығы төмендегенімен, оның ұзақтығы артуы мүмкін. Батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашынның айлық нормасы 20-37 мм аралығында.

Орталық және оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш 10 мм-ден аз.

Жауын-шашын ең көп түсетін аумақтарға елдің оңтүстік-шығысындағы таулар мен шығыс өңірлер жатады. Мұнда оның айлық нормасы тиісінше 36-52 мм және 72-127 мм болады.

Жауын-шашын негізінен жаңбыр түрінде түседі. Алайда солтүстік облыстарда қардың алғашқы түсуі қыркүйектің бірінші онкүндігінің соңында-ақ байқалуы мүмкін. Кейбір жылдары айдың екінші және үшінші онкүндігінде қар жамылғысы 1-2 тәулікке қалыптасады.

Қыркүйекте найзағайлы күндер саны да тамызға қарағанда 1-2 есе азаяды. Тау бөктері мен таулы аудандарда ай ішінде найзағай орта есеппен 3-4 рет байқалады.

Солтүстік өңірлерде тұман сирек түседі – орта есеппен айына 1-2 рет.

Еске сала кетейік, 17 тамызда Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел мен аптап ыстық күтіледі.