Қырғызстаннан неге су аз келеді. Сүлейменова жауап берді

Қазіргі таңда жағдай күрделі. Үкімет кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Қырғызстаннан Қазақстанға келетін су туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі «Қырғыз тарапы ешқандай заңды бұзбай, суды кесте бойынша жіберіп отыр ма?» деп сұрады.

Экология министрдің түсіндіруінше, бүгінгі таңда вегетация кезеңі аяқталды. Десе де, суды көп қажет ететін дәнді-дақылдар бар. Сондықтан қазір тек су тапшылығы емес ауыл шаруашылығы дақылдарын суару қажеттігі туындап отыр.

Қырғыз тарапымен өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бішкекке бардым. Вице-министріміз Қордай, Байзақ, Талап ауданына да барды. Бір рет емес, бірнеше мәрте барып жүр. Биылдың басында кестеге қол қойдық. Кесте шеңберінде мүмкіндігінше жұмыс істеп жатырмыз. Шынымен, қазіргі таңда жағдай күрделі, - деп жауап берді Сүлейменова.

Бұған дейін Жамбыл облысында суармалы судың тапшылығы сезіліп жатқанын жазған едік. Биыл 9 тамызындағы жағдай бойынша Талас өзенінің бассейні бойынша Киров су қоймасының көлемі 32,48 млн м3, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 144,8 млн м3-ке аз (177,28 млн м3). Талас өзенінің былтырғы жылдың тамыз айындағы кестелік көрсеткіш бойынша Қазақстанның қажеттілігі 45 м3 / сек болатын, іс жүзінде су берілмеген - 0 м3/сек.

Соңғы уақытта Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы су мәселесі күрделеніп келеді. Ғалымдардың айтуынша, судың жағдайы Орта Азия елдерінде 2030 қарай тіпті қиындайды. Бұл бойынша Қазақстан мен Қырғызстан КСРО кезеңінде жасалған келісімді ұзақ жылдар бойы пайдаланып келген еді. 

Шу өзенінің суын пайдалану бойынша 1983 жылы тараптар арасында келісім жасалып, судың 58% қырғыздарға, 42% қазақтарға бөлінді. 2000 жылы келісім қайта жасалып, біршама пункке өзгеріс енгізілді. Алайда, пайыз көрсеткіші өзгерген жоқ. Қазақстан Қырғызстанның су қоймаларын жақсартуға қаржы бөліп тұратын болды, ал Қырғызстан суды үздіксіз беруге келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы