Қырғызстанмен шекарада 1 миллионнан астам жалған акциздік маркалар ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғыз Республикасынан келе жатқан жүк көлігінен Беларусь Республикасының 1,1 млн жалған акциздік маркалары анықталды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Қырғыз Республикасымен өзара саудада көлеңкелі тауар айналымын азайту бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.
Қырғызстан тарапынан тасымалданатын жүктерге ЭШФ болуын қамтамасыз ету бойынша қол жеткізілген келісімдер экспортталатын тауарларды көлеңкеден шығаруға және соның салдарынан Мемлекеттік кірістер комитетінің бақылау шараларын әлсіретуге бағытталған.
Бұл ретте, Қырғыз Республикасының сыртқы экономикалық қызметінің жосықсыз қатысушылары қол жеткізілген уағдаластықтарды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына декларацияланбаған, контрафактілік жүктерді әкелу үшін өздерінің «сұр» схемаларын қолданады.
Мысалы, 2022 жылғы 28 сәуірде Қырғыз Республикасынан келе жатқан жүк көлігінен тақырыптық салық тексеруі кезінде Беларусь Республикасының 1,1 млн жалған акциздік маркалары анықталды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың болуына байланысты бұл іс бойынша материалдар Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
Сондай-ақ аталған көліктен 2 мыңнан астам декларацияланбаған тауарлар (бейнебақылау жүйесі, киім-кешек және спорттық құрал-жабдықтар) табылды.
Бақылауды әлсіретудің салдарынан бұзушылықтар айтарлықтай өсті және Қырғыз Республикасынан құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасы арқылы Ресей Федерациясына транзитпен өтуге тиісті майнинг құрал-жабдықтары мен электронды темекілерді әкелу фактілері жиілей түскендігін айта кету керек.
Ағымдағы жылдың сәуір айында майнинг құрал-жабдықтары бойынша жалған транзитінің 6 фактісі анықталды, яғни транзит деп мәлімделген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында қалған.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мұндай әрекеттері ЕАЭО-дағы серіктес елдердің бюджетіне зиян келтіреді, сондықтан бақылау күшейтілетіндігін айта кету керек.