16 Қазан 2026, 14:51 Фото: ©BAQ.KZ / Артём Чурсинов

Қырғызстанда журналистер жасанды интеллектіні қалай қолданады?

Түркі мемлекеттері ұйымының медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі отырысының кулуарында Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салқын Сарногоева Қырғызстанда журналистердің жасанды интеллект құралдарын қолдануы туралы айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қырғызстанда ақпараттық контент әзірлеу кезінде жасанды интеллект құралдары белсенді қолданылады. Атап айтқанда, олар мәтін жазу, контент жасау және аудиовизуалды өнімдер дайындау бағытында пайдаланылады.

Қырғызстанда қазіргі уақытта ақпараттық контент әзірлеуге арналған жасанды интеллект құралдары өте белсенді қолданылады. Олар контент жасау, мәтін жазу және аудиовизуалды өнімдер дайындау кезінде пайдаланылады. Сондықтан бүгінде бұл технологиялар кеңінен қолданылып отыр, - деді қырғызстандық спикер.

Ол Қазақстанда жасанды интеллект мәселелерімен айналысатын арнайы министрлік құрылғанын атап өтті. Оның ойынша, бұл – өте жақсы үрдіс әрі маңызды қадам.

Өйткені жасанды интеллекттің пайдалы жақтарымен қатар, жағымсыз тұстары да бар. Мәселен, оның көмегімен теріс контент таралуы немесе жалған ақпараттың таратылуы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстанның тәжірибесі біз үшін өте маңызды, - деді Салқын Сарногоева.