17 Қазан 2026, 16:25 Фото: ©BAQ.KZ архивіс

Қырғызстанда валюта айырбастау кезінде клиенттерді тексеру талаптары күшейтілді

Қырғызстанда қолма-қол шетел валютасымен операциялар жүргізу тәртібі жаңартылды. Өзгерістер клиенттерді сәйкестендіру, құжаттарды тексеру және ірі көлемдегі валюта операцияларын бақылауға қатысты.

Тиісті өзгерістер Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің басқармасы 2026 жылғы 1 қазанда қабылдаған қаулыға енгізілді.

Жаңартылған ережелерге сәйкес, қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату кезінде банктер мен айырбастау пункттері клиенттердің және олардың сенім білдірілген өкілдерінің жеке басын анықтап, санкциялық тізімдерде бар-жоғын тексеруге міндетті.

Тексеру фотосуреті бар жеке басты куәландыратын құжат негізінде жүргізіледі. Құжат қағаз түрінде де, мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы электрондық форматта да ұсыныла алады.

1 миллион сомнан (шамамен 5,2 миллион теңге) басталатын валюта операциялары кезінде клиенттің жеке басын қосымша анықтау үшін жеке тұлғаның сауалнамасы толтырылады. Сондай-ақ клиентпен тұрақты іскерлік байланыс болмаған жағдайда, түпкі бенефициарлық меншік иесі тексеріледі.

Клиент пен жүргізілген операция туралы ақпарат тиісті тіркеу журналдарына енгізілуі керек.

Бұдан бөлек, 100 мың сомнан (шамамен 517 мың теңге) басталатын немесе шетел валютасындағы соған тең сомадағы айырбастау операциялары кезінде ұйымдар операцияға қатысты қажетті мәліметтерді, соның ішінде клиент туралы ақпаратты тіркеуге міндетті. Бұл деректер кемінде бес жыл сақталуы тиіс.

Күдікті операция анықталған жағдайда банктер мен айырбастау ұйымдары операция күдікті деп танылған сәттен бастап бес сағат ішінде қаржылық барлау органына хабарлама жіберуге міндетті. Бұл талап операция сомасына қарамастан қолданылады.

Сонымен қатар айырбастау ұйымдары клиенттерге валюта операциясының жүргізілгенін растайтын құжат беруге тиіс. Ал айырбастау пункттері, микроқаржы және микрокредиттік компаниялар, сондай-ақ кредиттік одақтар кассалық чек беруге міндеттелген.