Қырғызстанда ҰҚШҰ оқу-жаттығуы басталды
"Эдельвейс" полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ауқымды оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері қатысып жатыр.
Қатысушылардың құрамында ішкі істер, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызмет бөлімшелері, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының арнайы мақсаттағы күштерді қалыптастыру жедел топтары бар.
Өзге елдердің әскери контингенттерімен бірге қазақстандық Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері күрделі тапсырмаларды орындау барысында жоғары кәсібилік пен тыңғылықты дайындығын көрсетті.
Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің, "Өзара іс-қимыл-2024", барлау күштері мен құралдарының "Іздеу-2024", материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің "Эшелон-2024" оқу-жаттығуларына барлығы 1500-ге жуық әскери қызметші тартылды. 300-ге жуық қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде авиация, әртүрлі ұшқышсыз ұшу аппараттары, жауынгерлік катерлер, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары жұмылдырылған.
Оқу-жаттығу Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға, қауіп-қатерлерге қарсы тұру жолында бірлесіп әрекет етуге бағытталған.