31 Тамыз 2026, 10:44 Фото: Энергетика министрлігі

Қырғызстанда ШЫҰ саммиті өтеді

Қырғызстан астанасы Бішкекте 31 тамыз бен 1 қыркүйек күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми мәлімет бойынша, Қырғызстан астанасына барлығы 21 президент пен премьер-министрдің келуі күтіледі. Осыған байланысты қалада бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

ШЫҰ мемлекет басшыларының саммиті 1 қыркүйекте өтеді. Биыл ұйымның құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Жергілікті 24.kg хабарлауынша, ШЫҰ іс-шаралары Бішкекте жақында ашылған «Ырыс Ордо» жаңа конгресс-орталығында ұйымдастырылады.

Қырғызстандық БАҚ Бішкекке бірқатар елдің басшылары келгенін хабарлады.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қырғызстанның соңғы жеті жылдағы қарқынды дамуын атап өтіп, Қытайдың республикамен түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.

Бішкек саммиті Қырғызстанның ШЫҰ-дағы төрағалығын қорытындылап, ұйымның алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды халықаралық жиын болмақ.

ШЫҰ қалай құрылды?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихы 2001 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында басталды. Сол кезде Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары жаңа халықаралық ұйым құру туралы шешім қабылдады.

Ұйымның негізіне «Шанхай рухы» деп аталатын қағидаттар қаланды. Оның басты құндылықтары – өзара сенім, өзара тиімділік, теңдік, өзара консультациялар, мәдени әртүрлілікті құрметтеу және ортақ дамуға ұмтылу.

2002 жылы қабылданған ШЫҰ Жарғысында шешім қабылдаудың негізгі қағидаты ретінде консенсус бекітілді. Бұл ұйымға мүше барлық мемлекеттердің аумағы мен экономикалық әлеуетіне қарамастан тең құқыққа ие екенін білдіреді.

Ұйым құрамында қазір 10 мемлекет бар

ШЫҰ құрылғаннан бері оның құрамы айтарлықтай кеңейді. 2017 жылы Үндістан мен Пәкістан, 2023 жылы Иран, ал 2024 жылы Беларусь ұйымға толыққанды мүше болды.

Қазір ШЫҰ құрамында 10 мемлекет бар. Олар әлем аумағының шамамен төрттен бірін алып жатыр және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын қамтиды. Ұйымға мүше елдердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 25 пайызы тиесілі.

Сонымен қатар ШЫҰ-да екі бақылаушы мемлекет және 15 диалог бойынша серіктес ел бар. Ұйымға қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдардың саны да артып келеді.

Еске сала кетейік, ШЫҰ-ның бұған дейінгі саммиті 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өтті. Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылған жиынға ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, бақылаушы және серіктес елдердің өкілдері қатысты. Саммит қорытындысында 25 құжат, оның ішінде Астана декларациясы қабылданды.