Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойынына қазақтың көкпары енді
Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми бағдарламасына қазақтың көкпары енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
“Қазақстан көкпар федерациясының” президенті Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, бұған дейін ойындар тізімінде көкпардың болмауы қоғамда кең талқылау тудырған еді.
Туризм және спорт министрлігімен бірге қырғызстандық әріптестермен талқылап, осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрлері. Бұл - тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің нышаны болуы керек, - деді Қожаназаров.
Былтыр ойындар тізімі шыққанда көкпар Көшпенділер ойындары бағдарламасына енбеген еді, тек көкбөрі болған. Бұл басқа қатысушы елдер үшін де маңызға ие, себебі көкпарды Қазақстаннан бөлек ойынға келетін Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты бірқатар елде де кеңінен таралған.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Ойындарға шамамен 100 елдің қатысуы күтіліп отыр.