Қырғызстанда маска тағу режимі алынып тасталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанда 12 наурыздан бастап қоғамдық көліктер мен денсаулық сақтау мекемелерінен өзге жерлерде бетперде тағу міндеттелмейді.
Бұл туралы 24.kg сайты хабарлады.
Ел үкіметі ЖОО-да, орта арнайы оқу орындарында және басқа да жалпы білім беру ұйымдарында, сауда орталықтарында, мейрамханаларда, дәмханаларда, қоғамдық тамақтану орындарында, базарларда, мұражайларда, спорт клубтарында, кітапханаларда оқушылар мен оқытушылар құрамына маска тағу міндеттелмейтінін мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, 12 наурыздан бастап қолданыстағы алгоритмдер мен нұсқаулықтарға өзгерістер енгізу тапсырылды.
Алайда денсаулық сақтау ұйымдарында (мемлекеттік, муниципалды және жеке), сондай-ақ, қоғамдық жолаушылар көлігінде міндетті түрде маска тағудың маңызы туралы айтылды.
COVID-19 және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында адам көп жиналатын жерлерде, ірі сауда орталықтарында, базарларда маска режимін сақтау азаматтардың өз еркіне байланысты болады.