14 Тамыз 2026, 16:15 Фото: pixabay.com

Қырғызстанда да электр жарығына қатысты тұрғындар шағымданып жатыр

Бішкекте электр желісіндегі кернеудің төмендеуі мен ауытқуы байқалды

Бішкек қаласының тұрғындары мен қонақтары елордадағы электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақсыздығына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Vesti.kg хабарлады.

Әлеуметтік желілерде қаланың түрлі аудандарында электр кернеуінің төмендеуі мен күрт ауытқуы байқалатыны жазылған. Тұрғындар мұндай жағдай тұрмыстық техниканың жұмысына кері әсер етіп, өрт қаупін арттыруы мүмкін екенін айтқан.

Бұған дейін де оқырмандар Бішкектің жекелеген аудандарында электр энергиясының жүйелі түрде өшірілетіні туралы бірнеше рет хабарлаған.

Бұл ретте Бішкек қаласының электр желілері кәсіпорны (БПЭС) мен «Ұлттық электр желісі» (НЭСК) өкілдері электр энергиясын өшіруді профилактикалық жұмыстармен байланыстырады. Алайда қалыпты жағдайда мұндай ажыратулар жылына бір реттен жиі болмауы керек болса, соңғы бір жарым айда кей аудандарда электр жарығы 6-7 ретке дейін өшірілген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Алматы облысының бір бөлігі жарықсыз қалғанын хабарладық.

14 тамыз күні сағат 14:38-де «KEGOC» АҚ-ға тиесілі 500 кВ кернеулі Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр беру желілерінің апатты түрде ажырауы салдарынан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматты қорғаныс жүйелері (САОН, АЖЖ) іске қосылды. Компанияның мәліметінше, апатқа қарсы автоматика жұмысының салдарынан ажыратылған электр жүктемесінің көлемі 300 МВт болған.