16 Қазан 2026, 10:53 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қырғызстан түркі елдері арасындағы медиа ынтымақтастықты нығайтуға дайын

Елордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі VIII отырысында Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салқын Сарногоева мемлекеттер арасындағы ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайту және ақпараттық қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл жасау ерекше маңызға ие.

Салқын Сарногоева Қырғызстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуға, сындарлы диалогты дамытуға және өзара құрмет, сенім мен қолдау негізінде ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қырғызстанда Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат мәселелеріне жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының кезекті отырысын, сондай-ақ ұйымның БАҚ және ақпарат жөніндегі жұмыс тобының жиынын өткізу жоспарланып отырғанын айтып, әріптестерін аталған іс-шараларға қатысуға шақырды.

Сөз соңында ол жиынға қатысушыларға алғыс айтып, жұмыстарына табыс, ал мемлекеттеріне өркендеу тіледі.

Айта кетейік, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы медиа және ақпарат мәселелерін талқылап жатыр.