Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өлім жазасын енгізуді тапсырды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстарға өлім жазасын енгізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

24 kg ақпаратына қарағанда, кәмелетке толмаған Айсулуу есімді қыз Қырғызстанда ерекше қатыгездікпен өлтірілген. Осы іс Садыр Жапаровтың жеке бақылауына алынды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлаған.

Айтуынша, президент қоғамды дүр сілкіндірген «бұл қылмыс туралы хабарды терең өкінішпен» қабылдаған.

Жапаров өзінің әкімшілігі жанындағы құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Мурат Укушевке заңнамалық өзгерістерді дайындауды тапсырды. Ондағы мақсат – балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жазаны барынша қатаңдату.

Атап айтқанда, балаларды зорлағаны үшін, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіргені үшін өлім жазасын енгізу нормасы қарастырылып жатыр. Садыр Жапаровтың пікірінше, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс.

Еске сала кетейік, Қаракөл қаласында 2008 жылы туған қыз 27 қыркүйекте қаза болды. Оның денесі Жел-Арық ауылы маңынан табылды. Қыз зорланып, тұншықтырып өлтірілген. Күдікті – бұрын сотталған 1984 жылы туған ер адам Бішкекте ұсталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы