Бүгiн 2026, 18:24 Фото: Фото: facebook

Қырғызстан мен Өзбекстан жер алмастырды: Екі ауыл қырғыз елінің құрамына өтті

Бұл елді мекендерде шамамен 2,5 мың адам тұрады.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында екі елдің жер телімдерімен алмасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, шекараны нақтылау жұмыстарының нәтижесінде бұған дейін Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Чоңқара және Таш-Төбө ауылдары Қырғызстан құрамына өтті. Бұл елді мекендерде шамамен 2,5 мың адам тұрады және олардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар.

Енді бұл ауылдарда тіркеу рәсімдері жүргізіліп, олар аяқталғаннан кейін тұрғындарға Қырғыз Республикасының азаматтығы беріледі. Бұған жауап ретінде Қырғызстан Өзбекстанға шекара маңындағы аумағы тең жер телімдерін берген.

Сонымен қатар Сай ауылынан Таян ауылына дейін автомобиль жолын салу мақсатында жалпы көлемі 236 гектар болатын тең дәрежедегі жер телімдерімен алмасу жүзеге асырылған.

Асқат Алагөзовтың айтуынша, бұл шешім Баткен облысының тұрғындарына Айдаркеннен Баткенге Сай мен Таян ауылдары арқылы шамамен 55 шақырым жолмен қатынауға мүмкіндік береді. Қазір бұл бағытпен жүру үшін 225 шақырым айналып өтуге тура келеді.

Сондай-ақ Қырғызстан Қазақстанға да Токмок қаласы маңындағы 800 метрлік жол учаскесіне қатысты баламалы жер телімдерімен алмасу жөнінде ұсыныс жасаған болатын.

Егер бұл жоба жүзеге асса, Алматы көшесінен Кемин қаласына дейін ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салу жоспарланып отыр.

Жапаровтың баспасөз хатшысы мұндай мәселелерді саяси алыпсатарлықтың құралына айналдырмауға шақырды.